Авторлар блогы

АҚША МЕН ҚАСИЕТ: МАЗАР БАСЫНДАҒЫ ОЙЛАР

АҚША МЕН ҚАСИЕТ: МАЗАР БАСЫНДАҒЫ ОЙЛАР

Гулбану ӘБЕНОВА

Жуырда анам мен құрбысы менен Астана маңындағы ұлы тұлғалардың зиратына апарып келуімді өтінді. Олар сол жерде дұға оқымақшы екен.

Нияз ата мен Муиз ата әулиелердің қабірлері Қосшы маңында орналасқан. Сол маңда Қабанбай батырдың да мазары бар.

Алғашқы екі әулие жайлы мен ештеңе білмеппін. Әжелердің айтуынша, ол жерге көп адам зиярат етуге барады екен. Шын мәнінде, бұл — қасиетті орын, зиярат орны. Бұл шағын мазарлар биіктеу төбенің үстінде орналасқан. Алыстан қарағанда әдемі де, ерекше әсер қалдырады.

Төбенің етегінде зират бар. Сол жерде алып ақ мазарды көрдім, «мүмкін бұл да әулиенің мазары шығар» деп сұрап едім, «жоқ, ол жай ғана өмірінде бай адам болған, балалары соған осындай сарайдай мазар салып берді» деді. Біздің қоғамда бәрі ақшамен өлшенеді. Ақша көп болса — әулие сияқты, мазар да соған сай болады.

Әулиелер жатқан биіктікке жету өте қиын. Жол жоқ. Қазір ғана жаңбыр мен қар болмай тұрғандықтан көлікпен әрең жеттік. Басқа мезгілде бару — мүмкін емес. Жаяу бару да қиын, жолсыз жер.

Сонда неге осындай қасиетті, көп адам келетін орынды туристік нысан ретінде дамытпасқа, жол неге жасамайды екен? Айтпақшы, адамдар ол жерде садақа қалдырып кетеді екен.

Қабанбай батырдың мазарын өте ұқыпты салған: бәрі таза, жолы жақсы, көлікпен жету оңай. Жанында шырақшыларға арналған үйлер мен автотұрақ бар.

Біз әжелермен бірге мазарға кірдік. Іште орта жастағы ерлі-зайыптылар және ересек екі баласы шырақшыны күтіп отыр екен. Біз де біраз күттік, бірақ біздің әже, Құранды жақсы оқитын, шырақшыны күтпей өзі оқып шықты. Себебі ол кісі мүгедек, суық жерде ұзақ отыру қиын.

Онда садақа жәшігі мен QR-код тұр. Біз қолма-қол ақшаны жәшікке салдық.

Кері қайтып келе жатқанда жаңағы отбасының ұлы шырақшыны үйінен ертіп келе жатыр екен. Күлкілі көрініс — шырақшыны итермелеп, асықтырып әкеліп барады. Себебі олар бұрын шақырған, ал ол «күтіңдер, шайымды ішіп алайын» деп жауап беріпті.

Сағат шамамен таңғы 11 еді. Шырақшы сол мазар есебінен өмір сүріп отыр, отбасына барлық жағдайы бар үй берілген. Бірақ өзі түске дейін жатып, асықпай шай ішеді. Сонда ол неге сонша жалқау? Адамдар алыс жолдан келіп күтіп отыр ғой. Неге ол күтіп отырғызады?

Шырақшының міндеті — мазарда отыру, келген зияратшыларға әулие жайлы айтып беру және адамдардың өтініші бойынша марқұмның рухына арнап дұға оқу емес пе?