Қызметі құрмет пен мадаққа сай құтқарушы
Балауса ЖАҚСЫБАЙ
Елдар Қанафиянов 24-ші мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі. 1997 жылы Абай облысында дүниеге келген. Семей қаласындағы Шәкәрім атындағы университетін бітірген. Құтқарушы қызметіндегі адалдығы мен өжеттілігі үшін талай марапаттар мен төс белгілермен марапатталған. Соның бірі Қостанайдағы Бағаналы ауылындағы жалын өрттен адам өмірін құтқарған ерлігі үшін 2022 жылы бұрынғы төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильинның қолынан төсбелгімен марапатталған.
Елдар өнерлі жігіт. Астаналық гарнизонда барлық мәдени іс-шараларға белсене қатысады. Өрт сөндіру бөлімшелері арасында ұйымдастырылған Жігіт сұлтаны -2023 байқауының жеңімпазы, интеллектуалдық ойындар қатысушысы, іс-шаралар жүргізушісі. Өнерімен ерекшеленген ер 2023 жылы төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпхановтың атынан алғыс хатпен марапатталған. Жігітке жеті өнерде аз емес пе?! Осындай тұла бойы талант пен қайсарлыққа толы құтқарушы маман Елдар Қанафиянов өзінің қызығы мен қиындығы қатар жүретін қызметі жайлы Kazface.kz ақпараттық сайтының тілшісіне берген сұқбатында баяндады.
Өзіңіз жайлы айта кетсеңіз? Құтқарушы қызметін қалай таңдадыңыз?
Жалпы құтқару қызметіне жұмысқа тұруды мен әскер қатарында жүргенде ойлап жүрдім. Неге десеңіздер мен өзім теңізшімін. Каспий теңізінде өзімнің әскери борышымды өтеген болатынмын. Ол жақта төтенше қызметінде жұмыс істеудің қыр сырын үйрендім десем де болады. Біздің елмен шекералас қаншама мемлекетпен жұмыс жасадық. Браконьерлерді ұстадық. Бұл менің ойымша үлкен жауапкерлікті талап ететін іс. Осы себепті де құтқарушы мамандығына деген қызығушылық артты. Кейін отан алдындағы борышымды өтеп келгеннен кейін, бірден қажетті құжаттарды жинап, тапсырып, болғаннан кейін Шығыс Қазақстан облысы Бородулиха ауылында қызмет жолымды бастадым. Ол жерде 2019-2022 жылдар аралығында қызмет еттім. Сол жылы ел орамыз Астана қаласына ауыстым.
Адамдарды жалын өрттің ішінен құтқарудың негізгі қиындықтары қандай болды?
Өрттің арасынан адамды алып шығу процессі жайында толығырақ айтатын болсам, қоңырау түседі яғни дабыл қағылады. Біз шақырту орнына барғандағы кездесетін ең басты қиындық ол көпқабатты үйлердегі өрт және үлкен ғимараттардағы өртті өшіру. Олардың құрылысы күрделі, яғни лабиринт сияқты болуы мүмкін. Сондай басты қиындық тудыртатын фактор ол қара түтін өрттің ішінен адамды шығарып жатқан кездегі олардың паникаға беріліп, құтқарушының жұмысына кедергі жасауы мүмкін. Осындай жағдайларға қарамай, тез шешім қабылдай білу маңызды.
Осы қызметтегі ең есте қалған оқиға жайында айтып өтсеңіз?
Бұл салада жеті жылдар бері қызмет атқарып келемін. Түрлі жағдайларды бастан кешірдік. Осыдан екі жыл бұрын орын алған оқиғаны еске салсақ, Қостанай облысындағы жалын өртті барлық Қазақстан естіген шығар, сол жерде орын алған Әулиекөл ауданындағы Бағаналы ауылында дала өрті болған еді. Бұл сирек кездесетін әсіресе, Астана қызметі үшін сирек болатын шақыртулардың бірі еді. Мен жоғарыда айтып өткенімдей, өзім Семейдегі Боролухина ауылында орман өрттерін өшіру тәжірбиесін жинаған едім. Сол себепті мен үшін дала жалынын сөндіру жұмысы тансық дүние емес. Дегенмен де бұл жерде ең есте қалғаны Бағаналы ауылы сол өртеніп жатқан өрттің ортасында қалған еді. Шағын ауылдың жан жағын қып қызыл жалын жайлады. Біз штаб жұмысының рұқсатымен арнайы техниканы жұмылдырып, түнгі бірден таңға дейін екі аяқта тік тұрып алаулаған жалынмен күрестік. Сол кездегі өрттен аман шыққан халықтың ризашылығы мен көз жасын айтып жеткізе алмаймын. Әлі сол бейне көз алдымда. Сол кезде жұмысымның қаншалықты құрметті екенін сезіндім. Шыны керек, бізге халықтың сондай ақ батасы мен ризашылығынан асқан ештеңе жоқ.
Сіздер үшін күн сайын адамдардың өмірлерін құтқару үйреншікті құбылыс шығар. Дегенмен өзіңіздің алғашқы өрт сөндіруіңіз есіңізде ме? Қалай болды?
Құтқару қызметінің сан қыры барын айтқым келеді. Олар түрлі мәйіттерді өз көзіңмен көру, өрт шалған адамдарды құтқару, көпқабатты үйлер, жер үйлер, дала өрттері және тағы басқа сан түрлі оқиғаларға куә боламыз. Сондықтан бүгінгі таңда етім үйреніп кетті деп айта аламын. Соның өзінде әр құтқарушының алғашқы қызметі есінде қалған шығар деп ойлаймын. Менің алғашқы құтқару жұмысым әлі көз алдымда. Шағын ауылда тұрғын үйде өрт шыққан еді. Сол кезде мәйітті алғаш рет көруім болды. Бойымда қорқыныш пен үрей сезімдер болғанын мойындау керек. Адам болғаннан кейін бұл орынды деп есептеймін. Кейін тәжірбиелі ағаларымыздың жанында жүріп барлығын тез меңгеріп алдым.
Мұндай операциялардан кейін эмоционалды стрессті қалай басқарасыз?
Менің ойымша, құтқарушы маман ең алдымен суыққанды болуы керек. Эмоцияға берілмегені абзал. Мысалы қалалы жерлерде көпқабатты үйлерде өрт шыққан кезде ол жерде көрші қолаң барлығы жиналып, адам қарасы көбейеді. Олар паникаға салынып, у шу шығарып жатқан кезде өрт сөндіруші өзін салмақты әрі сабырлы ұстауы керек. Сондай ақ біздің қанмен берілген халқымыздың өзі эмоциясын баса алатын адамдар болғандықтан бұл тұрғыда аса бір қатты мәселе тумайды деп есептеймін.