Қоғам

Ақмола облысында мыңжылдық тарихы бар мамонт сүйегі табылды

Ақмола облысында мыңжылдық тарихы бар мамонт сүйегі табылды

Ақмола облысында ежелгі дәуірден сыр шертетін сирек олжа табылды. Сабынды ауылы маңындағы  Нұра өзені бойынан,  көне жануардың сүйек қалдықтары мүйізге немесе азу тістерге ұқсас фрагменттер мен төменгі жақ сүйегі табылған, деп хабарлайды KazFace.kz

Белгілі болғандай, бұл олжаның бір бөлігін ауыл тұрғыны шамамен 15 жыл бұрын тауып, осы уақытқа дейін өз үйінде сақтап келген. Ал биылғы жазда жергілікті балықшы өзен жағасында жаңа сүйектерге кезіккен соң, барлық табылған фрагменттер аудандық музейге тапсырылды. Қазір археологтар сүйектердің нақты жасын және қай жануарға тиесілі екенін анықтау жұмыстарын жүргізіп жатыр.

«Біз бұл сүйектерді динозаврдың немесе мамонттың мүйізі болуы мүмкін деп ойлаймыз. Археологтар әзірге зерттеу жүргізіп жатыр. Мүйіздердің ұзындығы шамамен 4 метр, салмағы 60 келіге жуық – өте ауыр және көлемді. Төменгі жақ сүйегі 60 сантиметрдей, салмағы шамамен 10 келі. Егер ең ірі жануар піл деп есептесек, бұл табылған сүйектер одан да үлкен жануарға тиесілі болуы мүмкін», – деді Қорғалжын ауылдық округінің әкімі Нұрсұлтан Дуанбеков

Ғалымдардың зерттеу нәтижелері ежелгі фаунаны тануда маңызды жаңалық болуы ықтимал.