Көкшетаулық оқушылар Ashyq Qala Kokshetau платформасын құрастырды

Балауса ЖАҚСЫБАЙ
Көкшетау қаласының жас жаңашылдары Інжу Асыл мен Нұрай Нұралы қоғам мен билік арасындағы байланысты жаңа деңгейге көтеретін ерекше жоба ұсынды. Олар ойлап тапқан Ashyq Qala Kokshetau платформасы – тұрғындар мен әкімдік арасындағы ашық әрі тиімді коммуникацияны қамтамасыз ететін цифрлық құрал, деп хабарлайды KazFace.kz.
Жоба алғаш рет мектеп қабырғасында пайда болып, кейін толыққанды IT-өнімге айналған. Інжу мен Нұрай өз идеясын Kokshetau AI Hackathon байқауында ұсынып, жүлделі орынға ие болды. Бірақ олардың бастамасы тек байқаумен шектелмей, қала тұрғындары мен сарапшылардың назарын өзіне аударды.
Ashyq Qala Kokshetau платформасы жай ғана цифрлық шешім емес, қоғам мен билік арасындағы өзара әрекеттесу мәдениетін өзгертуді мақсат еткен бастама. Платформа арқылы кез келген тұрғын қаладағы мәселе жөнінде хабарлап, өз ұсынысын білдіре алады және оның орындалу барысын қадағалай алады.
Інжу Асылдың айтуынша, жобаның негізгі идеясы тұрғындарды қала өміріне белсенді араластыру.
«Бұрын адамдар дайын шешімдерге тек кейіннен пікір білдіретін. Ал біз әрбір азаматтың пікірін бастапқы кезеңде ескеруді қалап, ашық диалог орнатуға ұмтылдық», – дейді ол.
Платформада жасанды интеллект элементтері қолданылады. AI алгоритмдері бір-біріне ұқсас өтініштерді біріктіріп, ең өзекті ұсыныстарды іріктеп шығарады және қажетсіз ақпаратты сүзгіден өткізеді. Бұл әкімдікке нақты әрі маңыз¬ды мәселелерге назар аударуға мүмкіндік береді.
MVP-нұсқасы Vibe Coding және Generate AI құралдары арқылы жасалған. Біріншісі визуалды интерфейс пен қолданушы әрекетінің логикасын қамтамасыз етсе, екіншісі – пайдаланушылардың сұраныстарын талдап, басым бағыттарды анықтайды.
«Біздің мақсатымыз платформаны шешім қабылдау құралына айналдыру болды. Сол үшін нақты ұсыныстарды ажыратып, оларды жүйелеу жүйесін қостық», - дейді Нұрай Нұралы.
Қазір Ashyq Qala Kokshetau пилоттық кезеңнен өтіп, алғашқы қолданушылар оң пікір білдіруде. Интерфейстің қарапайымдылығы мен түсініктілігі жоғары бағаланған. Ал жасанды интеллект модулі өтініштерді тиімді өңдеп, жобаның болашағы зор екенін көрсетті.
Жоба авторлары алдағы уақытта платформаның мүмкіндіктерін кеңейтіп, оны басқа қалаларда сынақтан өткізуді жоспарлап отыр.
Ashyq Qala Kokshetau жастардың технология арқылы қоғамды жақсартуға бағытталған жарқын бастамаларының бірі.