Мәдени айнасы

Нью-Йоркте Қазақстанның Әнұраны шырқалды

Нью-Йоркте Қазақстанның Әнұраны  шырқалды

Нью-Йорктегі әйгілі Madison Square Garden сахнасында Қазақстанның халық әртісі Димаш Құдайберген АҚШ-тағы жеке «Stranger» атты концертін өткізді. Концерт алдында және оның барысында жиналған көрермендер Қазақстанның Мемлекеттік Әнұранын бірге орындап, ерекше рухани әсер сыйлады, деп хабарлайды KazFace.kz.

Осы сәттің бейнежазбасы әлеуметтік желілерде кеңінен таралып, қазақстандық өнер жұлдыздары мен желі қолданушыларынан жылы пікірлерге ие болды. Желі қолданушылары:

«Қымбатты Димаш, саған ұзақ ғұмыр тілейміз!», «Жасасын Димаш! Жасасын Қазақстан!», «Димаш – еліміздің мақтанышы!», «Неге жылап отырмын? Америкада Димашпен бірге Әнұран шырқап тұр. Бұдан асқан бақыт бар ма?» – деп жазды олар.

Бұған дейін, әншіні Нью-Йорк әуежайында фанаттары ыстық ықыласпен қарсы алған еді. Сол кезде Димаш өз тыңдармандарын Madison Square Garden сахнасында бірге Әнұран айтуға шақырған болатын.

Осылайша, әлемнің ең танымал сахналарының бірінде өткен бұл кеш Қазақстан мәдениетінің биік рухын паш етіп, Димаштың халықаралық аренадағы беделін тағы бір мәрте айқындады. 

Еске салсақ ,  «Stranger» атты концерт 5 қазан күні Нью-Йоркте өтті.