Алматыда дропперлердің шоттарына 110 млн теңгеден астам қаржы түскен
Жұлдыз ОРАЗХАН
Алматыда заңсыз интернет-казинолардың жұмысын қамтамасыз етті деген күдікке ілінген адамдар тобының қызметі тоқтатылды, деп хабарлайды KazFace.kz.
Тергеу мәліметінше, күдіктілер «Olymp Casino», «Rukh Poker» және «7Kcasino» интернет-казиноларының төлем инфрақұрылымын ұйымдастырған. Ойыншылардан ақша қабылдау және оны өңдеу үшін «Rocket.do» онлайн-платформасы пайдаланылған.
ҚМА мәліметінше, схемаға қатысушылардың бірі шетел азаматы болған. Ол 200 АҚШ долларына дейінгі сыйақы үшін банк шоттарына қол жеткізуге келісетін адамдарды іздеген.
Табылған дропперлерді Қазақстанға әкеліп, оларға ХҚКО-да ЖСН рәсімдеуге және банкте шот ашуға көмектескен.
Нәтижесінде күдікті 15 шетел азаматының банк шоттарына қол жеткізіп, өзінің шотын да пайдалануға берген. 16 дроппердің шотына ойыншылардан жалпы сомасы 110 млн теңгеден астам қаржы түскен.
Күдіктілердің бірі қамауға алынды. Тағы үшеуіне ешқайда кетпеу және тиісті мінез-құлық туралы қолхат түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылған.
Қылмыстық іс сотқа жолданды.