Павлодарда есірткі таратқандар 7 жылға сотталды
Жұлдыз ОРАЗХАН
Павлодар қаласында есірткі заттарының заңсыз айналымы және қылмыстық жолмен табылған табысты заңдастыру ісі бойынша сот үкімі шықты, деп хабарлайды KazFace.kz.
Қаржылық мониторинг агенттігі Павлодар облысы бойынша департаментінің мәліметінше, азамат З.Ф. Алекперов азық-түлік тауары кейпінде есірткі қоспасы бар мак тұқымын заңсыз сатуды ұйымдастырған. Қылмыстық схемаға оның жақын туыстары да тартылып, олардың арасында тауарды жеткізу, сақтау, өлшеп-орау және саудалау рөлдері бөлінген.
Заңсыз өнім басқа өңірден логистикалық компаниялар арқылы тасымалданып, қарапайым кондитерлік мак пен дәмдеуіш ретінде сатылып отырған. Тінту амалдары барысында есірткі заттарының өлшеп-оралған партиялары тәркіленді.
Қылмыстық әрекеттен түскен қаражат қолма-қол және банк аударымдары арқылы қабылданған. Ұйымдастырушы есірткіден тапқан табысына екі автокөлік сатып алып, оларды жасыру мақсатында үшінші тұлғалардың атына рәсімдегені анықталды.
Сот үкімімен Алекперов пен оның екі сыбайласына 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сондай-ақ қылмыстық жолмен алынған автокөліктер мемлекет меншігіне тәркіленіп, есірткі қоспасы бар 321 келі мак тұқымы жойылды. Сот үкімі заңды күшіне енді.