1 мамыр Астанада: Бірлік күнін қайда өткізуге болады?
Жұлдыз ОРАЗХАН
Елорда әкімдігі Қазақстан халқының бірлігі күніне орай ауқымды мәдени және спорттық бағдарлама дайындады. Төрт күнге созылатын мереке аясында қаланың әр ауданында 60-қа жуық іс-шара өтеді, деп хабарлайды KazFace.kz.
Мерекенің басталуы және этно-жобалар
Мерекелік шаралар 30 сәуір күні Әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайында «Достық керуені» этнофестивалімен басталады. Мұнда дәстүрлі қолөнер көрмелері мен шеберлік сағаттары ұйымдастырылады. Сонымен қатар, ЭКСПО аумағында мемлекеттік туды ұлықтауға арналған патриоттық акция мен «Таза Қазақстан» экологиялық іс-шарасы жоспарланған.
Басты мәдени оқиғалар
1 мамыр күні негізгі салтанатты шара Достық үйінің алаңында «Қазақстан – бірлік мекені» фестивалімен жалғасады. Сағат 12:00-де қалалық орталық алаңда (ескі әкімдік алдында) Ә. Мәмбетов атындағы театр әртістерінің қатысуымен концерт өтеді. Сондай-ақ, мерекелік бағдарламалар «Жетісу» саябағында, Есіл жағалауындағы Арбатта және «Жастар» сарайының алдында ұйымдастырылады.
Спорттық және бұқаралық жарыстар
Триатлон паркінде мереке күні жазғы маусым ресми түрде ашылады. Бағдарламада 5 шақырымға жүгіру, балалар марафоны, футбол және волейболдан командалық турнирлер бар. Сонымен қатар, «Жерұйық» саябағында ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өтсе, «Жағалау-3» тұрғын үй кешенінің маңында шахмат сүйер қауым бас қосады.
Жәрмеңкелер мен қорытынды шаралар
Мерекелік демалыс 2-3 мамыр күндері де жалғасады. «Keryen Joly» сауда орталығының аумағында жергілікті фермерлердің қатысуымен ауылшаруашылық жәрмеңкесі өтеді. Қаланың ірі сауда-ойын-сауық орталықтарында концерттік бағдарламалар қойылып, қоғамдық кеңістіктерде бірлік пен татулықты дәріптейтін дөңгелек үстелдер ұйымдастырылады.