Қазақстанда бірыңғай QR жүйесі іске қосылды
Балауса ЖАҚСЫБАЙ
Қазақстанда бірыңғай QR төлем жүйесінің іске қосылуы банк картасы немесе смартфондағы NFC арқылы төлем жасау мүмкіндігін жоймайды. Бұл туралы ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов мәлімдеді, деп хабарлайды KazFace.kz.
Оның айтуынша, сауда орындары үшін банк картасы арқылы төлем қабылдау қызметін өшірудің ешқандай қажеттілігі жоқ. Керісінше, мұндай шешім кәсіпкерлердің клиент жоғалтуына әкелуі мүмкін.
«Кейбір тұтынушылар QR арқылы емес, банк картасымен төлем жасауды қалайды. Сондықтан кәсіпкерлер үшін барлық төлем тәсілдерін сақтау тиімді», – деді Тимур Сүлейменов.
Ұлттық банк мәліметінше, бірыңғай QR арқылы төлем қабылдау тарифтері кәсіпкерлер үшін банк картасымен төлем қабылдау құнынан жоғары болмайды.
Ал ұлттық банктің төлем жүйелері және цифрлық қаржы технологиялары департаментінің директоры Ерлан Ашықбековтің айтуынша, заңнамаға сәйкес барлық сауда орындары тұтынушыларға қолма-қол ақшасыз төлем жасау мүмкіндігін ұсынуға міндетті. Бұл банк картасы, мобильді қосымша немесе QR-код арқылы жүзеге асырылуы мүмкін.
Сондай-ақ реттеуші төлемнің қолма-қол ақшасыз түрін қабылдаудан негізсіз бас тартқан кәсіпкерлер әкімшілік жауапкершілікке тартылуы мүмкін екенін ескертті.
Еске салайық, 17 шілдеден бастап Қазақстанда банкаралық бірыңғай QR төлем жүйесі іске қосылды. Оны пайдалану үшін азаматтарға банк қосымшасын соңғы нұсқаға дейін жаңарту қажет. Жаңа жүйе арқылы әртүрлі банктер арасында телефон нөмірі бойынша ақша аударуға да мүмкіндік беріледі.
Ал 19 шілдеден бастап бірыңғай QR жүйесіне қатысу екінші деңгейлі банктер үшін міндетті болады.