Жас ұлғайған шақ – жаңа мүмкіндіктердің бастауы
Гүлбану ӘБЕНОВА
Астанадағы «Арай» саябағында би билеп жүрген аға буын өкілдерінің бейнежазбаларын көрген боларсыздар. Олар билейді, күледі, көңіл-күйлері көтеріңкі. Біз үшін олар – зейнеткерлер, біреудің әжесі не атасы. Ал сол ортада олар өз жасын ұмытып, өмірдің әр сәтінен қуаныш табады.
Кейде зейнетке шыққаннан кейін өмір бірсарынды әрі қызықсыз болып кететіндей көрінеді. Бірақ Астанадағы Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы оның керісінше екенін дәлелдеп келеді.
Мұнда аға буын өкілдері спортпен шұғылданады, би билейді, йогамен айналысады, шығармашылық үйірмелерге қатысады, шахмат ойнайды, хорда ән айтады, жаңа дағдыларды меңгереді, достар табады және бос уақыттарын ерекше ықыласпен өткізеді. Ең бастысы – әр адам өзін қажет, белсенді әрі үлкен бір ортаның ажырамас мүшесі ретінде сезінетін жылы атмосфера қалыптасқан.
Үйде жалғыз отырмай, денсаулығын нығайтып, өмірді қызықты әрі мазмұнды өткізетін жандардың жүзіндегі шаттықты көрудің өзі ерекше әсер қалдырады.
Мұндай орталықтар жай ғана қызығушылық клубтары емес. Бұл – белсенді өмір салтын жалғастыруға, денсаулықты нығайтуға, жаңа қызығушылықтар табуға және жанның жастығын сақтауға мүмкіндік беретін орын.
Басқа қалаларда осындай жобалардың бар-жоғын білмеймін. Бірақ еліміздің көптеген зейнеткерлері елордадағы замандастарына ақ ниетпен қызығатын шығар деп ойлаймын.
Бүгінде Астанада осындай алты орталық жұмыс істейді. Оларға үш мыңға жуық зейнеткер қатысады. Соған қарамастан, келушілер саны әлдеқайда көп. Адамдар кезекке жазылып, бірнеше ай күтеді. Үйірмелерге үш-алты ай қатысқаннан кейін олардың орнына кезекте тұрған басқа адамдар келеді.
«Нұра» ауданындағы орталықтың жетекші маманы Гүлнәр Шарапиденованың айтуынша, ең егде қатысушы – 93 жаста. Сондай-ақ 80 жастан асқан белсенді қатысушылар да аз емес.
Осындай әлеуметтік демалыс пен мәдени-көпшілік шараларды ұйымдастыру жобасының негізін қалаушы – Еркетаев Мұхтар Дүйсенұлы.
Барлығы егде жастағы адамдардың шағын қызығушылық клубынан басталып, кейін әртүрлі бағыттағы демалыс түрлерін ұсынатын үлкен орталыққа айналған.
Менің анам да осы орталыққа барып, түрлі сауықтыру рәсімдерін қабылдайды. Онда массаж креслолары мен денсаулықты жақсартуға арналған басқа да арнайы құрылғылар бар.
Осындай игі жобалар еліміздің барлық өңірінде көбейсе екен деймін. Елордадағы аға буын өкілдері ғана емес, Қазақстанның барлық зейнеткерлері осындай мүмкіндіктерді пайдалана алса, қандай жақсы болар еді.
Өйткені ұзақ өмір сүру – тек жас мөлшері емес. Ол – өмір сапасы, жаңа әсерлер, жаңа достар және әрбір жаңа күнді қуанышпен қарсы алу.