Өңірлік электораттың әркелкілігі партиялық науқандардың жаңа логикасын айқындайды
Өңірлердегі партиялардың сайлауалды табысы жергілікті командалардың беделі мен сайлаушылардың әртүрлі топтарымен тиімді диалог орната білуіне байланысты. Бұл туралы «Сайлау-2026: саяси науқанның сипаты» сарапшылар алаңында ҚР Ұлттық ғылым академиясының Білім беру және қоғамдық даму ғылымдары орталығының жетекшісі Жеңісбек Төлен айтты, деп хабарлайды KazFace.kz
Сарапшының пікірінше, өңірлік деңгейде сайлаушы партияны көбіне оның жергілікті өкілдері арқылы қабылдайды. Сондықтан олардың кәсібилігі, ашықтығы, халықпен байланысы және нақты нәтижелері саяси күшке деген сенімге тікелей әсер етеді.
Жеңісбек Төлен өңірлік электораттың біртекті емес екенін атап өтті. Бір облыстың өзінде жастардың, ауыл тұрғындарының, кәсіпкерлердің, жалдамалы жұмысшылардың және басқа әлеуметтік топтардың сұраныстары әртүрлі болуы мүмкін.
Осыған байланысты партиялар сайлаушыларды тек аумақтық тұрғыдан емес, жасына, жұмыспен қамтылуына, өмір салтына және саяси белсенділігіне қарай да саралауы қажет.
«Өңірдің басты мәселесі қай топ үшін маңызды екенін және сол мәселені шешуді қай саяси күшке сеніп тапсыруға дайын екенін анықтау қажет», – деді сарапшы.
Оның айтуынша, сайлау науқанының жаңа логикасы жалпыұлттық идеяларды жергілікті мәселелермен және нақты жұмыс нәтижелерімен ұштастыруды талап етеді.
«Сайлау-2026: саяси науқанның сипаты» сарапшылар алаңын ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты ұйымдастырды. Іс-шара 13 тамызда Алматыда өтіп, оған еліміздің барлық өңірлерінен сарапшылар қатысты.