Жаңалықтар

Петропавлда «Аға буынға қамқорлық: алаяқтықтың алдын алу және жеке қауіпсіздік» акциясы өтуде

Петропавлда «Аға буынға қамқорлық: алаяқтықтың алдын алу және жеке қауіпсіздік» акциясы өтуде

«Заң және тәртіп» республикалық бағдарламасы аясында Петропавл қаласында егде жастағы азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған «Аға буынға қамқорлық: алаяқтықтың алдын алу және жеке қауіпсіздік» акциясы ұйымдастырылуда, деп хабарлайды KazFace.kz

Іс-шараны Петропавл қаласының Жастар ресурстық орталығы мен Солтүстік Қазақстан облысы Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасы өткізуде. Акция аясында полиция қызметкерлері мен жастар ұйымдарының өкілдерінен құралған мобильді топтар жалғыз тұратын зейнеткерлер мен мүмкіндігі шектеулі азаматтардың үйлерін аралап, түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.

Тұрғындарға телефон және интернет алаяқтығының кең таралған түрлері, күмәнді қоңырауларға қалай әрекет ету керектігі және жеке деректерді қорғау жолдары түсіндірілуде. Сонымен қатар арнайы ақпараттық жадынамалар таратылып жатыр.

Бұдан бөлек, студенттермен киберқауіпсіздік және цифрлық кеңістіктегі қауіптер туралы кездесулер ұйымдастырылуда. Ұйымдастырушылар мұндай шаралар азаматтардың қауіпсіздігін арттырып, құқықбұзушылықтардың алдын алуға көмектесетінін атап өтті.