Қоғам

Астана соты Жанабыловтар ісі бойынша үкім шығарды

Астана соты Жанабыловтар  ісі бойынша үкім шығарды

Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі соты блогер жұп — Ерболат Жанабылов пен Эльмира Толегенова ісі бойынша үкім жариялады, деп хабарлайды KazFace.kz.

Сот айыпталушылардың кінәсін мойындау туралы мәміледен кейін прокурор ұсынған жаза шарасымен келісті. Сот шешімімен ерлі-зайыптылар Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің екі бабы бойынша кінәлі деп танылды:

— 214-бап «Заңсыз кәсіпкерлік»;

— 218-бап «Қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастыру (жылыстату)».

Сот үкіміне сәйкес, Ерболат Жанабыловқа 2 жыл шартты түрде бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалып, пробациялық бақылау белгіленді және мүлкі тәркіленді.
Ал Эльмира Толегенова 2 жылға бас бостандығынан айырылып, жазасын ең төменгі қауіпсіздік мекемесінде өтеуі тиіс. Алайда оның кәмелетке толмаған үш баласының болуына байланысты жаза өтеу мерзімі 2 жылға кейінге қалдырылды.

Іс материалдарына сәйкес, айыпталушылар 247,6 млн теңге көлеміндегі келтірілген залалды толық өтеген. Осыған байланысты мемлекеттік айыптаушы азаматтық талаптан бас тартып, сот азаматтық істі қарауды тоқтатты.

Сондай-ақ сот мемлекет кірісіне 17 дана 528 ГБ жадысы бар iPhone 16 ұялы телефондары мен 8 дана Hyundai Elantra автокөліктерін тәркілеу туралы шешім шығарды.

Сонымен бірге, үкім заңды күшіне енгеннен кейін Lamborghini Urus және Lexus RX 600 автокөліктеріне салынған тыйым алынып тасталады.

Сот айыпталушылардан Жәбірленушілерге өтемақы қорына 20 айлық есептік көрсеткіш (78 640 теңге) мөлшерінде мәжбүрлі төлем өндіруді қаулы етті.

Үкімге сәйкес, Ерболат Жанабылов пробация қызметін хабардар етпей тұрғылықты жерін немесе жұмыс орнын өзгерте алмайды, өңірден тыс жерге шығуға рұқсатсыз бара алмайды, сондай-ақ алкоголь ішуге рұқсат етілген ойын-сауық орындарына баруына шектеу қойылған.

Сонымен қатар оған медициналық мақсаттан тыс психоактивті заттарды қолдануға тыйым салынып, түнгі уақытта үйден тыс болуына шектеу енгізілді. Жұмысы болмаған жағдайда жұмыспен қамту органдарына тіркелуі тиіс.

Еске сала кетейік, бұл іс бойынша басты сот талқылауы 16 наурызда басталған болатын. Тергеуге блогер ұйымдастырған 10 автокөлік ұтыс ойыны себеп болған. Осыдан кейін уәкілетті органға олардың қызметін тексеру туралы өтініш түскен.

Тексеру барысында блогерлер ұсынған оқу курстары жарияланған мазмұнға сәйкес келмейтіні анықталған. Сараптама нәтижесінде олардың формалды сипатта болғаны, практикалық құндылығы жоқ екені және 30 мың теңге көлеміндегі бағасының негізсіз жоғары екені белгілі болды.

2025 жылғы 16 қазанда іс қылмыстық іс жүргізу тәртібіне ауыстырылды. Сараптама қорытындысы бойынша келтірілген жалпы шығын көлемі 247,6 млн теңгені құраған. Тергеу нұсқасына сәйкес, дәл осы қаражат айыпталушылар тарапынан заңсыз жолмен алынған.