Билік

Шымкентте онлайн-казино қызметі әшкереленді

Шымкентте онлайн-казино қызметі әшкереленді

Шымкент қаласында заңсыз онлайн-казино қызметін ұйымдастырған топ әшкереленіп, олардың банк шоттары арқылы 557 миллион теңгеден астам қаржының заңсыз айналымы анықталды, деп хабарлайды KazFace.kz.

Тергеу мәліметінше, қылмыстық схеманы жүзеге асыру үшін «Техас холдем» покер ойынына арналған мобильді қосымша пайдаланылған. Аталған қосымшада «Vendetta» және «AMG600L» атты ойын клубтары құрылып, олар «Nomad» атты бірыңғай желіге біріктірілген.

Қаржы ағындарын жасыру мақсатында ұйымдастырушылар «дропперлердің» банк шоттарын пайдаланған. Олардың қатарында шетел азаматтары да бар. Әрбір берілген шот үшін 100-200 мың теңге көлемінде сыйақы төленіп отырған.

Сонымен қатар, ұйымдастырушының тұрғылықты жерінде жүргізілген тінту барысында есірткі заты табылып, тәркіленді.

Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша қылмыстық іс сотқа жолданды.