Билік

«Таза Қазақстан» – экологиялық мәдениетті қалыптастыратын жалпыұлттық бастама

«Таза Қазақстан» – экологиялық мәдениетті қалыптастыратын жалпыұлттық бастама

Премьер-Министр Олжас Бектенов президент жанындағы «Жасыл экономикаға» көшу жөніндегі кеңестің отырысын өткізіп, Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» бастамасының іске асырылу барысын қарады, деп хабарлайды KazFace.kz
Үкімет басшысы президенттің «Таза Қазақстан» бастамасы еліміздің жаңартылған Конституциясында бекітілген қоршаған ортаны қорғау және табиғи байлықтарға ұқыпты қарау қағидаттарын жүзеге асырудың маңызды тетігі екенін атап өтті. Оның айтуынша, табиғатты аялау мен тазалықты сақтау әрбір қазақстандықтың күнделікті өмір салтына айналуы тиіс.
Экология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметінше, биылғы жылдың басынан бері «Таза Қазақстан» аясында 1 миллионнан астам ағаш отырғызылып, 200-ден астам экологиялық іс-шара ұйымдастырылды. Бұл шараларға 4 миллионнан астам адам, оның ішінде 510 мыңнан астам ерікті қатысты. Нәтижесінде 76 мың гектардан астам аумақ тазартылып, 413 мың тоннадан астам қалдық шығарылды. Оның 115,7 мың тоннасы қайта өңдеуге жіберілді.
Жалпыұлттық «Таза Қазақстан» қозғалысы басталған үш жыл ішінде елді мекендерде 5,6 миллионнан астам ағаш отырғызылып, мемлекеттік орман қорында 1 миллиардтан астам көшет пен жас шыбық егілді.
Кеңесте бірқатар өңір әкімдері атқарылған жұмыстар туралы есеп берді.
Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков өңірде жыл басынан бері 900 гектардан астам аумақ тазартылып, 3,5 мың тонна қатты тұрмыстық қалдық шығарылғанын айтты. Биыл отырғызу жоспарланған 30 мың ағаштың 19 мыңы көктемде егілген. Сонымен қатар, 2027 жылға дейін қағаз және резеңке қалдықтарын қайта өңдейтін цех іске қосу жоспарланып отыр.
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров өңірде 332 мыңнан астам ағаш отырғызылғанын жеткізді. 3 мыңнан астам экологиялық акция мен сенбілікке 355 мыңнан астам тұрғын қатысып, 1 200-ден астам арнайы техника жұмылдырылды. Соның нәтижесінде 380 тонна қоқыс шығарылып, «Экопарк Түркістан» ашылды және зарядтау станцияларымен жабдықталған 33 электробус пайдалануға берілді.
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов облыста 22 мың тоннадан астам қоқыс шығарылғанын баяндады. Өңірде Өскемен қаласындағы «Таза Қазақстан», «Березовая роща», «Жасыл аймақ» және «Горная Үлбі» экосаябақтары құрылуда. Экологиялық іс-шараларға 330 мыңнан астам тұрғын мен 19 мың ерікті қатысты.
Олжас Бектенов «Таза Қазақстан» тұжырымдамасы бір реттік сенбіліктерден экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған жүйелі мемлекеттік саясатқа айналғанын атап өтті. Оның айтуынша, бастаманың тиімділігі өткізілген іс-шаралардың санымен емес, елді мекендердің тазалығының жақсаруы, тұрғындардың экологиялық мәдениетінің артуы және қол жеткізілген нәтижелердің тұрақтылығымен бағалануы тиіс.
Осыған байланысты үкімет басшысы барлық мемлекеттік органдарға «Таза Қазақстан» тұжырымдамасында көзделген іс-шараларды сапалы әрі уақытылы орындауды, белгіленген мақсатты көрсеткіштерге қол жеткізуді тапсырды. Сондай-ақ жастардың, еріктілердің, қоғамдық ұйымдар мен бизнес өкілдерінің бастамаға қатысуын кеңейту қажеттігін ерекше атап өтті.
«Таза Қазақстан» – табиғатты қорғау, қоршаған ортаны жақсарту және қоғамның экологиялық жауапкершілігін арттыруға бағытталған маңызды жалпыұлттық бастама. Бұл жоба еліміздің экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етіп қана қоймай, болашақ ұрпаққа таза әрі көрікті Қазақстанды аманат етуге негіз қалайды.