Қоғам

Кибералаяқтар: қауіптің алдын алу жолдары

Кибералаяқтар: қауіптің алдын алу жолдары

Балауса ЖАҚСЫБАЙ

Телефон ең қызу жұмыс уақытында шыр ете қалады. Экранда – көпшілікке таныс банктің логотипі. Арғы жақтан өзін банк қызметкері ретінде таныстырған сыпайы дауыс алаңдаушылықпен «күдікті қаржылық операцияның» тіркелгенін немесе жеке кабинетіңіздің бұзылғанын хабарлайды. Бір сағат өтпей жатып адам жылдар бойы жиған ақшасынан, кейде тіпті жалғыз баспанасынан айырылып жатады, деп хабарлайды KazFace.kz

Неліктен алаяқтардың бұрыннан белгілі тәсілдері әлі күнге дейін нәтиже беріп келеді? «Дроппер» деген кім? Цифрландыру дәуірінде өз қаражатыңызды қалай қорғауға болады? Осы сауалдарға Ақмола облысы полиция департаменті киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі, полиция майоры Бекзат Назарова жауап берді.

Бүгінде интернет-алаяқтық құқық қорғау органдарының қылмыстық деректеріндегі жай ғана статистика емес, мемлекеттік деңгейдегі өзекті мәселеге айналды. Бұл бағыт мемлекет басшысы мен ішкі істер министрлігінің ерекше бақылауында. Жыл басынан бері Ақмола облысында азаматтарға ірі және аса ірі көлемде материалдық шығын келтірген 412 ауыр киберқылмыс тіркелген. Бұл сандардың артында бір сәтте қаржылық тұрақтылығынан айырылған нақты адамдардың тағдыры тұр.

Алаяқтар өздерінің қылмыстық тәсілдерін үнемі жетілдіріп, алаяқтықты жоғары технологиялық индустрияға айналдырып келеді. Олардың құрбаны әлеуметтік мәртебесіне, қызметіне немесе білім деңгейіне қарамастан кез келген адам болуы мүмкін. Полиция жүргізген талдау нәтижесінде жыл басынан бері киберқылмыскерлердің құрбаны әртүрлі жас санатындағы, түрлі мамандық иелері мен әлеуметтік топтардың өкілдері болғаны анықталды.

«Зардап шеккендердің қатарында 20 мемлекеттік қызметкер, білім беру саласының 15 қызметкері, 10 медицина маманы, 5 зауыт жұмысшысы, қызмет көрсету саласының 70 маманы және ірі серіктестіктер мен акционерлік қоғамдардың 80 қызметкері бар. Сонымен қатар жұмыссыздар мен өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтардың арасында да 55 адам алаяқтардың арбауына түскен», – дейді полиция өкілдері.

Киберқылмыспен күрестегі басты қиындық – оның трансшекаралық сипаты. Полиция майоры Бекзат Назарованың айтуынша, мұндай қылмыстарды ашу өте күрделі, себебі қылмыскерлер көбіне басқа өңірде немесе шетелде отырады. Жәбірленушілердің ақшасы лезде жалған банк карталары мен «дропперлердің» есепшоттарына аударылады.

Дроппер – аз ғана сыйақы үшін өз атына рәсімделген банк картасы немесе шот арқылы бөтен ақшаны қабылдап, қолма-қол ақшаға айналдыратын немесе әрі қарай аударып жіберетін адам. Кейін бұл қаражат халықаралық ақша аудару жүйелері арқылы шетелге шығарылып немесе криптовалютаға айырбасталып, ізін жоғалтады.

Соған қарамастан полиция бұл бағытта белсенді жұмыс жүргізуде. Жыл басынан бері 129 дроппер ұсталып, 114 қылмыстық іс аяқталған. Сонымен қатар Қазақстанда Қылмыстық кодекстің 232-1-бабы бойынша дропперлік үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілді. Бұл туралы полиция колледждер мен жоғары оқу орындарында жастармен кездесулер өткізіп, «Дропперлер» деректі фильмін көрсету арқылы тұрақты түрде түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді.

«Алаяқтар адамдардың күнделікті қажеттіліктерін, қорқынышы мен мемлекеттік мекемелерге деген сенімін шебер пайдаланады. Бүгінде олар өздерін су есептегіш құралдарын ауыстыратын маман, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің тергеушісі, Халыққа қызмет көрсету орталығының немесе басқа да мемлекеттік органдардың қызметкері ретінде таныстыруы мүмкін», – дейді Бекзат Назарова.

Алаяқтардың қолданатын әдістері күн сайын күрделеніп келеді. Олар OLX, «Колеса», Instagram секілді платформаларда жалған тауар сату немесе пәтер жалға беру туралы хабарландырулар жариялаудан бастайды. Сонымен қатар соңғы уақытта өзін коммуналдық қызметкер ретінде таныстырып, су немесе жылу есептегіштерін, домофондарды шұғыл ауыстыру қажет екенін айтып хабарласатын жағдайлар көбейген.

Кейбір азаматтарға емханадан қоңырау шалып, электрондық рецепт рәсімдеу қажет екенін айтады. Басқаларына салық органдарының атынан хабарласып, жалпыға бірдей декларация тапсыру қажеттігін еске салады. Сонымен қатар қаскөйлер өздерін «Қазпошта», Kaspi, Wildberries, Temu немесе Ozon компанияларының курьерлері ретінде таныстырады.

Ең қауіпті тәсілдердің бірі – WhatsApp аккаунтын бұзып алу. Алаяқтар аккаунтқа қол жеткізгеннен кейін адамның жақындары мен таныстарына оның атынан «шұғыл ақша керек» деген мазмұндағы хабарламалар жібереді. Ал оңай табысқа кенелуді көздеген азаматтар өз қаражатын «Қазатомөнеркәсіп» немесе «Kaspi Profit» сияқты танымал брендтердің атын жамылған жалған инвестициялық платформаларға салып, қомақты қаржысынан айырылып жатады.

Құқық қорғау органдарын ерекше алаңдататын жайттардың бірі – алаяқтардың сөзіне сеніп, ақша жіберу үшін өз баспанасын сатып жіберетін азаматтардың көбеюі. Осындай қайғылы жағдайлардың алдын алу мақсатында Ақмола облысының барлық нотариустарына және «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының филиалдарына арнайы ескерту хаттары мен жадынамалар жолданған.

Қазіргі уақытта нотариустар мен халыққа қызмет көрсету орталықтарының мамандары тұрғын үйді сату-сатып алу мәмілелерін рәсімдеу кезінде азаматтардың алаяқтардың ықпалына түсіп қалмағанына ерекше назар аударады.

Көкшетау қаласының қоғамдық автобустарында күн сайын қазақ және орыс тілдеріндегі алдын алу бейнероликтері көрсетіледі. Олардың ай сайынғы қаралымы миллионға дейін жетеді. Қоғамдық орындарда полиция қызметкерлерінің 46 көлемді макеті орнатылып, ондаған LED-экрандар мен билбордтар жұмыс істейді. Әлеуметтік желілерде түсіндіру мақсатында 900-ден астам бейнематериал жарияланған.

Түптеп келгенде, киберқылмыскерлерден қорғанудың ең тиімді жолы – әр азаматтың цифрлық гигиенаны сақтауы. Бұл – күнделікті өмірдің ажырамас әдетіне айналуы тиіс қарапайым, бірақ маңызды ережелер.

Ең алдымен, ешқандай жағдайда бөгде адамдарға SMS арқылы келген кодтарды, банк картасының CVV кодын немесе толық деректерін айтуға болмайды. Интернеттегі сайттардың мекенжайын мұқият тексеру қажет, себебі алаяқтар белгілі банктер мен маркетплейстердің дизайнын дәл көшіріп жасайды.

Жеке куәліктің фотосын мессенджерлер арқылы жіберуден бас тартқан жөн. Күдікті сілтемелерге, тіпті олар танысыңыздың атынан келсе де, өтпеу қажет. Ең бастысы – егер біреу сізді қорқытып, асықтырып немесе эмоцияңызға әсер етуге тырысса, кез келген ақпаратты бірнеше рет тексеріңіз.

Қосымша қорғаныс шарасы ретінде полиция барлық қазақстандықтарға eGov Mobile қосымшасы арқылы банктік несие мен микрокредиттерді рәсімдеуге өмір бойына ерікті түрде тыйым салу қызметін қосуды ұсынады. Бұл қарапайым мүмкіндік алаяқтардың сіздің атыңыздан несие рәсімдеуіне жол бермей, күтпеген қарыздардан сақтап, қаржылық қауіпсіздігіңізді қамтамасыз етеді.