Қоғам

Қазақстанда маусымдық баға төмендеуі байқалады

Қазақстанда маусымдық баға төмендеуі байқалады

Жұлдыз ОРАЗХАН

Қазақстанда бір апта ішінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бірқатары арзандады, деп хабарлайды KazFace.kz Ұлттық статистика бюросына сілтеме жасап.

2026 жылғы 12 тамыздағы мәлімет бойынша, бір апта ішінде картоп бағасы 4,2%-ға төмендеген. Ақ қауданды қырыққабат 1,2%-ға, алма 1,1%-ға, пияз бен сәбіз 1%-ға арзандады.

Сондай-ақ қатты және жартылай қатты ірімшік 0,3%-ға, майлылығы 5-9% сүзбе мен тұз 0,2%-ға, бірінші сұрыпты бидай ұны мен қаймақ 0,1%-ға арзандаған.

Ал бірінші сұрыпты ұннан пісірілген бидай наны, рожки, сүйекті және сүйексіз сиыр еті, жылқы еті, сүт, жұмыртқа мен сары май бағасы бір апта ішінде өзгерген жоқ.

Өңірлер арасында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының жалпы бағасы Талдықорғанда 0,7%-ға төмендеді. Ақтау мен Жезқазғанда 0,4%-ға, Петропавлда 0,3%-ға, Астанада 0,2%-ға арзандаған. Қарағанды, Қостанай, Орал, Өскемен және Павлодар қалаларында баға 0,1%-ға төмендеді.

Ұлттық статистика бюросының дерегінше, республика бойынша картоптың орташа бағасы бір килограмына 259 теңгені құрайды. Ең төмен баға Павлодарда тіркелген – 191 теңге.

Ақ қауданды қырыққабаттың орташа бағасы – 189 теңге. Ең арзан қырыққабат Түркістанда – 142 теңге, Таразда – 152 теңге. Ал алманың республика бойынша орташа бағасы 797 теңгені құрады. Ең төмен баға Шымкентте тіркелген – 639 теңге.

Ет өнімдерінен сүйекті сиыр етінің орташа бағасы бір килограмына 3 779 теңге, ал тауық еті 1 736 теңге болды.

Айта кетейік, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының индексі апта сайын есептеледі. Баға мониторингі барлық облыс орталығында, республикалық маңызы бар қалаларда және Астанада жүргізіледі. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізіміне 31 өнім кіреді.