Баланың болашағы – оның бүгінгі таңдауы
Балауса ЖАҚСЫБАЙ
Бүгінде қосымша білім беру ұйымдарының басты міндеті – баланың бос уақытын тиімді өткізу ғана емес, оның бойындағы қабілетті ашып, өмірде өз орнын табуына ықпал ету. Әсіресе шығармашылыққа негізделген орта жасөспірімнің өзін еркін танытуына, ойын ашық жеткізуіне және қоғамдағы өз рөлін сезінуіне мүмкіндік береді. Осы бағыттағы жұмыстар туралы Founder School мектебінің негізін қалаушы, дипломды профориентолог Динара Ілиясовамен KazFace.kz тілшісі әңгімелескен еді.
Динара Серікқызы, қазіргі таңда шығармашылықты дамыту неге ерекше маңызды деп ойлайсыз?
Біз шығармашылықты тек сурет салу немесе сахнада өнер көрсету деп қабылдамауымыз керек. Шығармашылық – баланың өз ойын еркін жеткізе алуы, мәселені өзгеше шеше білуі, бастама көтеруі және жауапкершілік алуы. Қазіргі қоғамда дәл осы қасиеттер аса қажет. Сондықтан біздің мақсатымыз – балаларды белгілі бір мамандыққа ғана емес, өмірге дайындау. Ол үшін бала өзін танып, өз қабілетін байқап көруі керек.
Founder School осы бағытта қандай жұмыстар атқарады?
Founder School алғашында кәсіпкерлік мектебі ретінде ашылды. Кейін тәжірибе көрсеткендей, балаларға тек білім беру жеткіліксіз екен. Олар өздерін әртүрлі салада сынап көру арқылы ғана болашақ бағытын анықтай алады.
Сондықтан бүгінде біз көшбасшылық пен ерте кәсіби бағдар беруге басымдық береміз. Балалар журналист, жүргізуші, кәсіпкер, жаттықтырушы, жоба ұйымдастырушысы немесе ерікті ретінде түрлі тәжірибеден өтеді. Осындай шығармашылық әрі тәжірибелік жұмыстар олардың қызығушылығын ашып, өз мүмкіндігін бағалауға көмектеседі.
Өнер мен шығармашылықты дамытуда қандай үйірмелердің орны ерекше?
Біз үшін ең маңызды бағыттардың бірі – әлеуметтік театр.Бұл жай ғана актерлік шеберлік үйірмесі емес. Театр арқылы балалар өздерін мазалайтын мәселелерді қозғайды.
Қойылымдар буллинг, нашақорлық, құмар ойынға тәуелділік, отбасы құндылығы, достық, жауапкершілік сияқты қоғамдағы өзекті тақырыптарға арналады.Ең бастысы – сценарийлерді балалардың өздері талқылайды, идея ұсынады, кейіпкерлердің мінезін бірге ашады. Соның арқасында олар тек сахна мәдениетін меңгеріп қана қоймай, өзгені тыңдауды, түсінуді, жанашырлық танытуды үйренеді.
Журналистика бағыты да балалардың шығармашылық қабілетін дамытады. Олар сұхбат алуды, бейнесюжет дайындауды, камерамен жұмыс істеуді, ақпаратты саралауды және өз ойын сауатты жеткізуді үйренеді.
Сіздер үшін шығармашылықтың тәрбиелік маңызы қандай?
Шығармашылық – тұлғаны тәрбиелейтін ең тиімді құралдардың бірі.Бала сахнаға шыққанда немесе аудитория алдында сөйлегенде өзіне деген сенімділігі артады. Командамен жұмыс істегенде жауапкершілікті сезінеді. Әлеуметтік тақырыптарды зерттегенде қоғамдағы мәселелерге бейжай қарамауды үйренеді.Сондықтан біз шығармашылықты өмірден бөлек қарастырмаймыз. Керісінше, оны өмірлік дағдыларды қалыптастыратын маңызды құрал ретінде қолданамыз.
Дарынды балаларды қалай қолдайсыздар?
Біз «дарынды бала» деген ұғымды кеңірек түсінеміз. Әр баланың ерекше қыры болады. Біреуі ұйымдастыруға қабілетті болса, енді бірі көпшілік алдында еркін сөйлейді, үшіншісі адамдарды тыңдай біледі немесе ерекше идея ұсынады.Сондықтан біздің міндетіміз – сол қабілетті байқап, оны дамытуға мүмкіндік беру.Балалар түрлі әлеуметтік және волонтерлік жобаларға қатысады, жастарға арналған тренингтер өткізеді, қоғамдық бастамаларды жүзеге асырады. Сонымен қатар JasSkills чемпионатында жүлделі орындарға ие болып, республикалық білім беру алаңдарында өз жобаларын қорғап жүр.
Қазіргі таңда цифрлық технологиялардың рөлі артып келеді. Бұл бағытта қандай ұстанымдарыңыз бар?
Біз заманауи технологиялардан бас тартпаймыз. Керісінше, оларды дұрыс пайдалануды үйретеміз. Балалар Aqmola Hub ұйымдастыратын IT Startup Bootcamp бағдарламасына қатысып, жасанды интеллект пен цифрлық құралдарды меңгереді.Сонымен бірге ораторлық өнер, журналистика сияқты сабақтарда телефон қолдануды шектейміз. Себебі алдымен бала өз ойын өзі қалыптастырып, сыни ойлауды үйренуі қажет. Жасанды интеллект адамның ойын алмастырмауы тиіс, ол тек көмекші құрал болғаны дұрыс.
Мемлекеттік қолдаудың балаларға берер мүмкіндігі қандай?
Қазіргі таңда Founder School мемлекеттік білім беру тапсырысы аясында жұмыс істейді. Соның нәтижесінде 185 жасөспірім біздің бағдарламаларға тегін қатысып жүр.Сонымен қатар көпбалалы отбасылардың балалары үшін де тегін үйірмелер ұйымдастырылған. Бұл бағытта «Асыл аналар» көпбалалы аналар қауымдастығымен және «Асар Үме» қоғамдық бірлестігімен бірлесіп жұмыс істейміз.
Біздің ойымызша, сапалы қосымша білім әр балаға қолжетімді болуы керек. Баланың таланты отбасының әлеуметтік жағдайына тәуелді болмауы тиіс.
Алдағы жоспарларыңыз қандай?
Алдағы уақытта балалардың шығармашылық және кәсіби тәжірибе алаңдарын кеңейтуді жоспарлап отырмыз. Бизнестің, қоғамдық ұйымдардың және еріктілер қозғалысының өкілдерімен бірлескен жобаларды көбейтеміз.Ең басты мақсатымыз өзгермейді. Біз әр баланың өз қабілетін танып, өзіне сенімді, қоғамға пайдалы азамат болып қалыптасуына жағдай жасауды жалғастырамыз.