Жаңалықтар

700 млн теңге жымқырғандарға сот үкімі шықты

700 млн теңге жымқырғандарға сот үкімі шықты

Жұлдыз ОРАЗХАН

Астана қаласының соты қалалық жедел медициналық жәрдем станциясының бұрынғы басшылығына қатысты бюджет қаражатын жымқыру ісі бойынша үкім шығарды, деп хабарлайды KazFace.kz.

Тергеу мәліметінше, 2020-2023 жылдар аралығында мекеменің бұрынғы директоры Мұрат Оразбаев бұрынғы көлік бөлімінің басшысы және бас механикпен бірге санитарлық автокөліктерді жөндеу мен техникалық қызмет көрсетуге бөлінген бюджет қаражатын заңсыз иемденген.

Прокуратураның мәліметіне сәйкес, осы кезеңде жарамды жедел жәрдем көліктерінің саны 149-дан 32-ге дейін азайған. Соның салдарынан медицина қызметкерлері такси қызметін пайдалануға мәжбүр болған. Мемлекетке келтірілген жалпы шығын 700 млн теңгеден асты.

Сот үкімімен бұрынғы директор 9 жылға, ал қалған екі айыпталушы 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ оларға мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік сектор ұйымдарында өмір бойы қызмет атқаруға тыйым салынды.

Сот шешімімен сотталғандардан 440 млн теңгеден астам қаражат өндірілді. Ал такси қызметтеріне жұмсалған 300 млн теңгеден астам шығын азаматтық іс жүргізу тәртібімен өндірілетін болады. Үкім заңды күшіне әлі енген жоқ.