Билік

Аграрлық секторды қолдау көлемі 1,1 трлн теңгеге жетті

Аграрлық секторды қолдау көлемі 1,1 трлн теңгеге жетті

Қазақстанда 2025 жылы аграрлық секторды қолдауға бағытталған қаржы көлемі 1,1 трлн теңгені құрады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 172 млрд теңгеге артық. Бұл туралы мәжілістің жалпы отырысында ҚР Қаржы министрі Мәди Такиев мәлімдеді, деп хабарлайды KazFace.kz

Министрдің айтуынша, бөлінген қаражат көктемгі егіс жұмыстарын қаржыландыруға, дәнді және майлы дақылдардың өнімділігін арттыруға, сондай-ақ су инфрақұрылымын дамытуға жұмсалған.

«Аграрлық секторға ерекше назар аударыла отырып, 2025 жылы оны қолдауға 1,1 трлн теңге бағытталды. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 172 млрд теңгеге көп. Форвардтық сатып алулар үшін 346,2 мың гектар егіс алқабы бөлінді. Жыл қорытындысы бойынша 25,9 млн тонна астық, оның ішінде 19,3 млн тонна бидай жиналды», – деді Мәди Такиев.

Өткен жылы елімізде сондай-ақ 4,9 млн тонна майлы дақыл, 3,6 млн тонна арпа, 1 млн тонна жүгері, 525,9 мың тонна күріш, шамамен 1 млн тонна бұршақ дақылдары және 76,7 мың тоннадан астам қарақұмық өндірілді.

Майлы дақылдар бағытында да оң нәтиже байқалды. Күнбағыс егісінің көлемі 1,2 млн гектардан 1,7 млн гектарға дейін ұлғайып, 1,5 есеге артқан. Соның нәтижесінде күнбағыс майын өндіру көлемі 17,5 пайызға өсіп, 752,1 мың тоннаға жетті. Ал өнім экспорты 24 пайызға артып, 219,3 мың тоннаны құрады.

Су ресурстарын тиімді пайдалану мақсатында инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары да жалғасуда. 2025 жылы 1 840 шақырым суару каналы тазартылып, 680 шақырым суару желісі қайта жаңартылды. Сонымен қатар 375 гидротехникалық нысан жөндеуден өтті.

Мәди Такиев үкімет үшін бюджеттің орындалуын бағалауда қаражатты игеру деңгейінен гөрі нақты нәтижеге қол жеткізу маңызды екенін атап өтті.

«Басты критерий – азаматтар, бизнес және өңірлер үшін нақты нәтиже мен тиімділікке қол жеткізу», – деді министр.