«Кітап оқитын ұлт» марафоны 1 қыркүйекте жаңа кезеңін бастайды
1 қыркүйекте республикалық «Кітап оқитын ұлт» марафонының жаңа кезеңі басталады. Биыл ауқымды жоба 1 миллионнан астам азаматты қамтуды көздеп отыр, деп хабарлайды KazFace.kz
«Кітап оқитын ұлт» және «QAZAQ Creative» қорлары зиялы қауым өкілдерімен тағылымды кездесу өткізіп, марафонның жаңа кезеңіне дайындық барысын талқылады.
Жоба Мемлекет басшысының кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыруға бағытталған. Бастаманың негізгі мақсаты – азаматтарды кітап оқуға кеңінен тарту ғана емес, оқу мәдениетін қоғамның күнделікті өмір салтына айналдыру.
Қазақ дәстүрінде үлкен істі бастар алдында аға буынның ақ батасын алу – тағылымы терең жол. Осыған орай марафонның жаңа кезеңі зиялы қауым өкілдерінің ақ батасымен басталмақ.
«Кітап оқитын ұлт» қоғамдық қорының төрағасы Бақытжан Тұрлыбековтің айтуынша, аға буынның өмірлік тәжірибесі мен ізгі тілегі кейінгі ұрпаққа үлкен аманат.
Кездесуге жазушылар, ақындар, журналистер мен қоғам қайраткерлері қатысып, жобаның алдағы міндеттері мен даму бағыттарын талқылады. Сонымен қатар осы жылдың 31 наурызында өткен алдыңғы кездесуде айтылған ұсыныстардың орындалу барысы туралы есеп берілді.
Жазушы Әлібек Асқаров жобаға ақжолтай тілегін білдіріп, кітап оқудың ұлттың рухани қуатын арттырудағы маңызын атап өтті.
Ұйымдастырушылардың пікірінше, марафонның басты нәтижесі қатысушылардың санымен ғана өлшенбейді. Негізгі мақсат – кітапты күнделікті өмірдің ажырамас бөлігіне айналдырып, оқу арқылы ойлайтын, ізденетін және зерделі қоғам қалыптастыру.
«Кітап оқитын ұлт» марафонына Қазақстан Жазушылар одағы, Креативті индустрияларды дамыту қоры және Yandex Qazaqstan компаниясы «Яндекс Кітаптар» сервисімен бірге серіктестік танытуда.
Жоба Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылуда.