Билік

Үш жасар Әміреге президенттің Алғыс хаты табысталды

Үш жасар Әміреге президенттің Алғыс хаты табысталды

Астанада әлеуметтік желілерде кеңінен тараған бейнероликтің кейіпкері – үш жасар Әміреге Қазақстан Республикасы президентінің Алғыс хаты табысталды, деп хабарлайды KazFace.kz.

Бұл туралы Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады.

Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында елорданың әкімі LRT-ға алғаш мінген сәті түсірілген бейнеролик арқылы танымал болған бүлдіршінмен арнайы кездесті. Әлеуметтік желі қолданушылары арасында кеңінен тараған видеода Әміре жаңа көлік жүйесі оны Қазақстан президентімен кездесуге апаратынына шынайы сенетінін айтқан болатын. Бүлдіршіннің аңғал көңілі мен шынайы эмоциясы көпшіліктің жүрегін елжіретіп, жұртшылықтың ықыласына бөленді.

Жеңіс Қасымбектің айтуынша, мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Әміреге Қазақстан Республикасы президентінің Алғыс хаты мен естелік сыйлықтар табысталған.

«Мұндай сәттер армандарға сенудің, жақсылықтан үміт үзбеудің және өмірдің қарапайым қуаныштарын бағалай білудің маңызын еске салады. Әлемді балалардың пәк күлкісі мен шынайы сезімі көркейтеді», – деп жазды қала әкімі.

Кездесу барысында Әміреге зор денсаулық, жарқын болашақ, армандарының орындалуы және бақытты балалық шақ тілектері айтылды.

Айта кетейік, үш жасар Әміренің LRT-ға қатысты бейнеролигі әлеуметтік желілерде миллиондаған қаралым жинап, қазақстандықтардың ерекше ықыласына ие болған еді.