PGL Astana 2026: әлемнің үздік командалары елордада бақ сынайды
Астана тағы да жаһандық киберспорт картасының маңызды нүктесіне айналмақ, деп хабарлайды KazFace.kz.
Елордада PGL Astana 2026 халықаралық турнирі өтеді. Counter-Strike 2 ойыны бойынша ұйымдастырылатын додаға әлемнің үздік 16 командасы қатысып, миллиондаған жанкүйердің назарын өзіне аударады.
Жарыс 15–17 мамыр күндері Barys Arena алаңында өтеді. Үш күнге созылатын турнир барысында киберспорт жұлдыздары өзара мықтыны анықтайды.
Айта кету керек, 2025 жылы өткен осы турнир үлкен жетістікке жетіп, онлайн трансляциялары рекордтық көрсеткіштерге ие болған еді. Халықаралық аудитория тарапынан жоғары қызығушылықтың арқасында Астана киберспорт орталықтарының бірі ретінде өз позициясын нығайтты. 2026 жылғы турнир – осы табыстың заңды жалғасы.
Турнирдің ұйымдастырушысы – PGL Esports SRL. Компания әлемдегі ірі киберспорт жарыстарын өткізуімен танымал.
Биылғы доданың жүлде қоры 1,6 миллион АҚШ долларына дейін ұлғайтылған. Бұл көрсеткіш турнирді Counter-Strike 2 бойынша өткізілетін ең ауқымды әрі тартымды жарыстардың қатарына қосады.
Сарапшылардың пікірінше, мұндай деңгейдегі турнирлердің өткізілуі Қазақстанның халықаралық имиджін арттырып қана қоймай, елдегі киберспорт индустриясының дамуына да жаңа серпін береді.