Жаңалықтар

Қостанайда алимент төлемегендерден 240 млн астам қаражат өндірілді

Қостанайда  алимент төлемегендерден  240 млн астам қаражат өндірілді

Қостанай облысының прокуратурасы кәмелетке толмаған балалардың құқықтарын қорғау және алимент өндіру бағытындағы жұмысты күшейтуде, деп хабарлайды KazFace.kz


Биылғы жылдың басынан бері прокуратураның бастамасымен өңірдің барлық аудандары мен қалаларында алимент бойынша қарызы бар азаматтарды жұмыспен қамту мақсатында «Enbek қолдау» бос орындар жәрмеңкелері ұйымдастырылды.
Нәтижесінде 100-ден астам борышкер тұрақты жұмысқа орналасып, балаларын асырауға арналған төлемдердің тұрақты түсуіне мүмкіндік жасалды.
Прокуратура алимент төлеуден жалтару үшін табысын жасыратын және ресми жұмысқа орналасудан қашатын борышкерлерге ерекше назар аударуда. Осындай жағдайлардың бірі Рудный қаласында тіркелді. Кәмелетке толмаған қызына алимент төлемеген тұрғынның берешегі 3,5 миллион теңгеге жеткен. Бұған дейін әкімшілік жауапкершілікке тартылып, бірнеше рет ескерту алғанына қарамастан, ол қарызын өтеу бойынша ешқандай шара қолданбаған.
Прокуратураның бастамасымен оған қатысты Қылмыстық кодекстің 139-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, сот оны кінәлі деп таныды. Нәтижесінде бір жылға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Сонымен қатар, пробациялық бақылау орнатылып, ойын-сауық орындары мен алкоголь өнімдерін сататын дүкендерге баруына тыйым салынды.
Жыл басынан бері прокурорлық қадағалау актілері негізінде 200-ден астам баланың құқығы қорғалды. Алимент өндіру туралы сот шешімдерін орындамағаны үшін 132 борышкер әкімшілік, ал 25 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Жалпы сомасы 240 миллион теңгеден асатын алимент қарызы өндіріліп, балалардың заңды мүдделері қорғалды. Прокуратура бұл бағыттағы жұмыстарды жалғастыруда.