Жылыжайдың жаны - жауапкершілігі бар адамда екен
Гүлбану ӘБЕНОВА
Төрт-бес жылы бұрын оқырмандарымның арасында Ермек Анарқұловтың парақшасынан мектептегі жылыжай туралы жазбасын көріп қалып, өзінен: «Осы жылыжайды барып көрсем бола ма?» деп сұрадым. Шынымды айтсам, Болат Өтемұратов қорының осындай жобасы бар екенін мүлде білмеппін. Қызық болды.
Анаркулов Ермек шақырып, бәрін көрсетіп шықты. Жылыжайдың қалай жұмыс істейтінін, балалардың немен айналысып жүргенін көрдім.
Ең қызығы, балалардың өздері әңгімелеп берді. Бірі қандай қияр өсіріп жатқанын, бірі қызанаққа қалай күтім жасайтынын, енді бірі тұқымнан бастап қалай баптайтынын айтып тұр. Балалардың қызығушылығы бірден байқалады. Олар үшін бұл жай ғана биология сабағы емес, тірі тәжірибе.
Шынымен де, бала үшін бір өсімдікті өз қолымен өсіру үлкен тәрбие. Жауапкершілік, еңбек, табиғатты аялау, шыдамдылық - бәрі осы жерде қалыптасады.
Жапонияның мектептеріңде болғанымда бір нәрсеге ерекше назар аудардым: көптеген мектептерде әр балаға жеке өсімдік немесе шағын бақшалық жауапкершілік бекітіледі. Кейбір мектептерде тіпті жылыжайлар бар.
Бұл жай ғана «әдемі дәстүр» емес, бұл - нақты тәрбие жүйесі. Баланы еңбектің, күтімнің, жауапкершіліктің мәнін түсінуге үйрететін тәсіл.
Қала мектептерінде оқитын балалардың көбі планшет пен гаджетке байланып қалған заманда, олар өсімдіктің қалай өсетінін, жемістің қалай пайда болатынын тек кітаптан немесе видеодан ғана көреді. Ал жапон жүйесі оны тікелей тәжірибеге айналдырады.
Бұл өте тиімді оқыту әдісі. Тіпті көптеген теориялық сабақтан да пайдалырақ.
Өйткені бала тек тыңдамайды өзі жасайды, өзі бақылайды, өзі нәтиже көреді.
Осы тұста біздің мектептердегі кейбір бастамалар еске түседі: жылыжай жобалары, балалардың еңбекке араласуы өте дұрыс бағыт.
Сонда ойланып қалдым: кейбіреулер «жай ғана биолог-педагог қой» деп қарайтын шығар. Бірақ дәл осындай мұғалімдер мектепке жан бітіріп жүреді ғой.
Мен бұған дейін №37 мектепке барғанмын. Ермек сол мектептен №80 мектепке ауысқаннан кейін, №37-дегі жылыжай қазір жұмыс істемейді екен. Ал №80 мектептегі жылыжай, керісінше, гүлденіп тұр.
Бұл нені көрсетеді?
Бұл бәрі адамның өзіне байланысты екенін көрсетеді. Әр адамның жауапкершілігіне, ісіне деген махаббатына, балаларға деген көзқарасына байланысты.
Болат Өтемұратов қоры қала бойынша 20 жылыжай ашып берген екен. Үш жыл өздері жүргізіп, кейін мектептердің балансына тапсырған. Енді сұрақ: неге бір мектепте жылыжай жұмыс істеп тұр да, екінші мектепте қаңырап бос қалған Касымхан Сенгазыев?
Әрине, бәрі директор мен ұжымға байланысты. Шаруашылыққа бейім, жауапты, іске жанашыр басшы болса - жоба өмір сүреді. Ал немқұрайлық болса, бәрі біртіндеп тоқтайды.
Шынын айтқанда, жылыжайды ұстап тұру үшін аса көп нәрсе де керек емес сияқты: тұқым, топырақ, су. Қалғаны - педагогтің ұйымдастыруы, балалармен жұмыс істеуі, өз ісін жақсы көруі.
Кейде үлкен жобалардың тағдырын миллиардтар емес, бір адамның жауапкершілігі шешеді.