Қазақстанда «Құрылтай» есімді 10 азамат бар
Балауса ЖАҚСЫБАЙ
Қазақстанда «Құрылтай» есімі және оның түрлі нұсқалары өте сирек кездеседі. 2026 жылғы тамыздағы мәлімет бойынша елде «Құрылтай», «Курылтай», «Курултай» және «Курлтай» есімдерімен барлығы 10 азамат тіркелген, деп хабарлайды KazFace.kz
Олардың 6-уы – ер адам, 4-еуі – әйел. Есімі «Құрылтай» және оның нұсқаларымен тіркелген азаматтардың ең көбі Шығыс Қазақстан облысында тұрады – мұнда 4 адам бар. Алматы қаласында 2 азамат тіркелген. Ал Абай, Жамбыл, Қарағанды және Маңғыстау облыстарының әрқайсысында бір-бір адамнан бар.
Жас ерекшелігі бойынша да бұл есімнің сирек кездесетіні байқалады. 10 адамның бесеуі 65 жастан асқан. Олардың ең үлкені – 80 жаста. Қалған азаматтар 30–34, 50–54, 55–59 және 60–64 жас аралығындағы топтарға жатады.
Айта кетейік, «Құрылтай» атауының тарихи-мәдени мәні де ерекше. Құрылтай ұғымы түркі халықтарының тарихында маңызды мәселелер талқыланатын алқалы жиын ретінде белгілі. 2026 жылы Қазақстанның жаңа бір палаталы заң шығарушы органы да «Құрылтай» деп аталды.
Осылайша, бүгінде елде мемлекеттік органның атауымен үндес келетін есімді иеленген небәрі 10 азамат бар.