Қазақстанда жануарларға қатыгездік үшін жаза күшейтілді
Балауса ЖАҚСЫБАЙ
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жануарларға жауапкершілікпен қарау мәселелері бойынша заңға қол қойды, деп хабарлайды KazFace.kz
Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Мемлекет басшысы «Жануарларға жауапкершілікпен қарау мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды бекітті. Заң мәтіні ресми басылымдарда жарияланады.
Еске сала кетейік, бұған дейін президент Үкіметке жануарларды тиісті деңгейде күтпегені үшін әкімшілік жауапкершілікті күшейтуді, сондай-ақ оларға қатыгездік көрсеткендерге қатысты қылмыстық жауапкершілікті қатаңдатуды тапсырған болатын.
Сенатта заң жобасын талқылау барысында Мәжіліс ұсынған бірқатар норма қайта қаралды. Атап айтқанда, қаңғыбас жануарлардың санын реттеу кезінде «эвтаназия» терминін қолданудан бас тарту ұсынылды.
Бұған дейін мәжіліс тұжырымдамасында ауланған иттерді көшеге қайта жібермеу және «қайтарымсыз» әдіске көшу қарастырылған еді. Жоспар бойынша жануарлар уақытша ұстау пунктінде бес күн ғана болып, осы мерзім ішінде иесі немесе жаңа қожайыны табылмаса, оларды ұйықтату көзделген. Бұл ұсыныс бюджет шығынын азайту және қаңғыбас иттердің көбеюін тежеу қажеттілігімен түсіндірілген.
Алайда сенаторлар бес күн ішінде жануар иесін табу барлық өңірде бірдей мүмкін емес екенін айтып, бірыңғай мерзім аймақ ерекшеліктерін ескермейтінін жеткізді.
Сонымен қатар заң аясында жануарларды асырау мен серуендету ережелерін бұзғаны үшін жауапкершілік те күшейтіледі. Вице-министр Нұркен Шарбиев мәліметінше, жануарларға қатыгездік көрсетуге қатысты айыппұл көлемі бірнеше есе өседі.
Мәселен, алғаш рет құқық бұзған жеке тұлғаларға салынатын айыппұл 5 АЕК-тен 30 АЕК-ке дейін ұлғайтылмақ. Қайталанған жағдайда айыппұл көлемі 50 АЕК-ке дейін жетеді. Сондай-ақ жануарларды аулау, панажайларда ұстау және серуендету ережелерін бұзғаны үшін де айыппұлдар көбейеді.