Қазақстанда жүргізушілерге қойылатын талаптар күшейтіледі
25 тамыздан бастап Қазақстанда «Жол жүрісі туралы» заңға енгізілген өзгерістер күшіне енеді. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі хабарлады, деп хабарлайды KazFace.kz
Жаңа талапқа сәйкес, 65 жастан асқан жүргізушілер мен мүгедектігі бар азаматтар екі жыл сайын міндетті медициналық тексеруден өтуге тиіс. Тексеруден өткені туралы мәліметтер Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараттық жүйесінен ІІМ базасына автоматты түрде жіберіледі.
Егер жүргізушінің медициналық тексеруден өткені және көлік басқаруға қарсы көрсетілімдері жоқ екені туралы ақпарат жүйеде болмаса, оның көлік құралын басқару құқығы тоқтатылады.
ІІМ мәліметінше, медициналық тексеруден өту талабы бұған дейін де болған. Алайда енді цифрлық жүйеде тиісті мәліметтің болмауы жүргізуші куәлігінің күшін тоқтатуға дербес негіз болады.
Сонымен қатар, жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзған жүргізушілер қайтадан теориялық емтихан тапсыруға жіберілуі мүмкін. Бұл талап жылдамдықты бірнеше рет асыру, жол қиылысында апатты жағдай туғызу, қауіпті маневр жасау, жолақ ауыстыру немесе басып озу кезінде ережені бұзу, сондай-ақ жол қозғалысына кедергі келтіретін немесе қауіп төндіретін жерде тоқтау мен тұраққа қою сияқты жағдайларға қатысты қолданылады.