Баланың мүддесі – басты назарда
Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды өз қызметінің маңызды бағыттарының бірі ретінде қарастырады, деп хабарлайды KazFace.kz.
Сот отбасылық қатынастарға, алимент төлеуге, бала асырап алуға және өзге де мәселелерге қатысты істерді қарау кезінде әрдайым баланың мүддесін басшылыққа алады.
Соңғы жылдары қабылданған бірқатар шешімдер балалардың құқықтарын қорғау тетіктерін күшейтуге ықпал етті. Атап айтқанда, сотқа жүгінер алдында міндетті генетикалық сараптама жүргізу талабын заңсыз деп таныды, жеке кәсіпкерлер үшін алимент есептеу тәртібін нақтылауға жол ашты және бала асырап алу мәселелеріндегі құқықтық олқылықтарды жоюға ықпал етті.
Сонымен қатар Конституциялық Сот ата-анасы белгісіз балалардың ұлтын анықтау мәселесіне қатысты заңнаманы жетілдіру қажеттігін көрсетті. Сондай-ақ алимент өндіру және балаларды күтіп-бағуға байланысты құқықтық нормаларды түсіндіру арқылы олардың мүліктік және әлеуметтік құқықтарын қорғауды күшейтті.
Конституциялық Соттың құқықтық ұстанымдары заңнаманы жетілдіруге, құқықтық айқындықты қамтамасыз етуге және баланың құқықтарын қорғау кепілдіктерін нығайтуға бағытталған. Бұл жұмыстар балалардың игілігін қамтамасыз етуге және әділетті қоғам құруға қызмет етеді.