Қоғам

Ақтөбе облысында тойдан кейін 100-ден астам адам ауруханаға түсті

Ақтөбе облысында тойдан кейін 100-ден астам адам ауруханаға түсті

Балауса ЖАҚСЫБАЙ

Ақтөбе облысының Мұғалжар ауданындағы Қандыағаш қаласында өткен тойдан кейін жаппай улану дерегі тіркелді. Ресми мәліметке сәйкес, мейрамханаға барған 102 адам ішек инфекциясының белгілерімен ауруханаға жатқызылған, деп хабарлайды KazFace.kz.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, науқастар медициналық көмекке 19 маусымнан бастап жүгінген. Науқастардың   34-інде сальмонеллез ауруының ықтимал жағдайы анықталған. Қажетті зертханалық сараптамалар жүргізу үшін сынамалар алынған.

Дәрігерлердің мәліметінше, науқастардың жағдайы орташа ауырлықта, барлығына қажетті медициналық көмек көрсетілуде.

Оқиғаға байланысты жедел штаб құрылып, ауданға қосымша медицина мамандары жіберілді. Сонымен қатар қоғамдық тамақтану нысанының қызметі уақытша тоқтатылып, санитарлық-эпидемиологиялық қызмет мамандары эпидемиологиялық тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Қазіргі уақытта мамандар тағам өнімдері мен қоршаған ортадан алынған сынамаларды зерттеуде. Зертханалық сараптама нәтижелері уланудың нақты себебін анықтауы тиіс.

Бұл оқиға соңғы жылдардағы өңірдегі ең ірі жаппай улану жағдайларының бірі болуы мүмкін.