Мәдени айнасы

Фильмдерді прокатқа шығару тәртібі өзгереді

Фильмдерді прокатқа шығару тәртібі өзгереді

Балауса ЖАҚСЫБАЙ

Қазақстанда фильмдерді прокатқа шығармас бұрын өткізілетін сараптама талаптары жаңартылды. Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева тиісті бұйрыққа қол қойды, деп хабарлайды KazFace.kz.

Жаңа ережелерге сәйкес, кинотуындылар экранға шығар алдында міндетті түрде алдын ала сараптамадан өтеді. Сараптама барысында фильмдерде конституциялық құрылысты күшпен өзгертуге, елдің аумақтық тұтастығын бұзуға, мемлекеттік қауіпсіздікке нұқсан келтіруге бағытталған үгіт-насихат белгілерінің бар-жоғы тексеріледі.

Сонымен қатар әлеуметтік, ұлттық, нәсілдік, діни, таптық немесе рулық араздықты қоздыруға бағытталған материалдардың болуы да бағаланады.

Бұдан бөлек, сарапшылар фильмдердің мазмұнын порнография, педофилияны насихаттау, қатыгездік пен зорлық-зомбылық культін дәріптеу, сондай-ақ дәстүрлі емес жыныстық бағдарды насихаттау белгілерінің бар-жоғы тұрғысынан да зерделейді.

Сараптамадан өту үшін құқық иеленуші кинотеатрларда көрсетілетін фильмнің нақты нұсқасын ұсынуы тиіс. Ұсынылған нұсқа кейін көрермендерге көрсетілетін фильммен толық сәйкес болуы қажет.

Айта кетейік, алдын ала прокаттық сараптама прокат куәлігін алу рәсімінің міндетті кезеңі болып табылады. Мұндай куәліксіз фильмдерді Қазақстан аумағында таратуға және көрсетуге жол берілмейді.

Бұйрық алғашқы ресми жарияланған күннен бастап күнтізбелік он күн өткен соң күшіне енеді. Сарапшылардың пікірінше, жаңа талаптар ұлттық қауіпсіздік пен қоғамдық құндылықтарды қорғауға бағытталғанымен, қоғамда сөз және шығармашылық еркіндігі мәселелері төңірегінде қызу пікірталас тудыруы мүмкін.