Қазақстанда цифрлық құжаттарды көрсету тәртібі өзгереді
Жұлдыз ОРАЗХАН
14 тамыздан бастап Қазақстанда eGov Mobile қосымшасындағы цифрлық құжаттарды үшінші тұлғаларға ұсыну тәртібі өзгереді, деп хабарлайды KazFace.kz.
Енді электронды жеке куәлік немесе басқа да цифрлық құжаттарды көрсету үшін құжат иесінің келісімі қажет болады. Құжатқа қолжетімділік уақытша QR-код немесе қысқа мерзімге жарамды код арқылы беріледі.
Жаңа тәртіпке сәйкес, азамат алдымен eGov Mobile қосымшасына кіріп, қажетті цифрлық құжатты таңдауы керек. Одан кейін құжатты басқа адамға көрсетуге келісім берген соң, жүйе QR-код немесе қысқа код қалыптастырады.
Құжатты тексеруші QR-кодты сканерлейді немесе берілген кодты енгізеді. Құжат ашылмас бұрын жүйе бірнеше шартты автоматты түрде тексереді:
- құжат иесінің келісімі бар ма;
- кодтың жарамдылық мерзімі аяқталды ма;
- құжаттағы мәліметтер өзекті ме.
Шарттардың кемінде біреуі орындалмаған жағдайда, цифрлық құжатқа қолжетімділік берілмейді.
Қысқа код азаматтың eGov жүйесінде тіркелген ұялы телефон нөміріне SMS арқылы да жіберілуі мүмкін. Бұл жағдайда азамат кодты құжатты тексеретін адамға хабарлай алады.
Цифрлық құжаттарды ұсыну кезінде азаматтың келісімі негізгі қауіпсіздік тетіктерінің біріне айналады. Бұған дейін де eGov Mobile жүйесінде цифрлық құжаттарға қолжетімділік QR-код немесе қысқа код арқылы беріліп келген.
Электрондық үкіметтің ресми мәліметіне сәйкес, цифрлық құжаттар қағаз нұсқаларымен тең заңды күшке ие. Олар мемлекеттік деректер қорындағы ақпарат негізінде қалыптастырылады, сондықтан құжаттағы мәліметтер сұрау салынған сәттегі өзекті ақпаратты көрсетеді. Қазіргі таңда eGov Mobile сервисінде 40 цифрлық құжат қолжетімді.
Цифрлық құжаттарды банк және басқа да қаржылық қызметтерді алу кезінде де пайдалануға болады. Бұл ретте құжат иесінің оны ұсынуға берген келісімі қажет.
Жаңа тәртіп 2020 жылдан бері қолданылып келген цифрлық құжаттарды пайдалану қағидаларын алмастырады.