Отбасылық жанжал: Рахат Турлыханов жауапкершіліктен босатылды
Балауса ЖАҚСЫБАЙ
Қазақстандық бұрынғы әнші Рахат Турлыханов тағы да отбасылық жанжалға байланысты жауапкершіліктен босатылды, деп хабарлайды KazFace.kz.
Алматы қалалық полиция департаментінің мәліметінше, оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру аясында барлық мән-жай жан-жақты зерттеліп, қажетті дәлелдер жиналған. Алайда жәбірленуші тарап шағымынан бас тартып, істі қарауға қатысудан бас тартқан.
Осыған байланысты іс заң талаптарына сәйкес тоқтатылған.
Полиция өкілдері отбасылық-тұрмыстық жанжалдарға қатысты әрбір жағдайда азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігін қорғауға бағытталған шаралар қабылданатынын атап өтті.
Еске салайық, 15 наурыз күні бұқаралық ақпарат құралдарында Рахат Турлыхановтың жұбайын ұрды деген күдікпен ұсталғаны туралы ақпарат тараған еді. Кейін полицияда әйел адамның бастапқыда күш қолданылғанын айтқаны, алайда кейін бұл мәлімдемесін жоққа шығарып, тек отбасылық жанжал бойынша арыз түсіргені белгілі болды.
Осы оқиға бойынша әншіге қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 73-бабы 1-бөлігі («Отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқыққа қайшы әрекеттер») бойынша әкімшілік хаттама толтырылған. 16 наурызда сот істі қарап, материалдарды прокуратура мен полицияға ықтимал қылмыстық құқықбұзушылық белгілерін тексеру үшін қайтарған болатын. Апелляциялық саты бұл шешімді өзгеріссіз қалдырды.
Айта кетейік, 2024 жылдың қаңтарында да Рахат Турлыханов жұбайына дене жарақатын келтіргені үшін сот алдында жауап берген. Ол кезде кінәсін мойындап, тараптар татуласқанына қарамастан, құқықбұзушылықтың қайталануына байланысты сот оған 10 тәулік әкімшілік қамау жазасын тағайындаған еді. Кейін жұбайлар әлеуметтік желіде бейнеүндеу жариялап, отбасында бәрі жақсы екенін мәлімдеген.