Қоғам

«Келешек мектеп»: цифрлық серпіліс білім беру жүйесін қалай өзгертіп жатыр?

«Келешек мектеп»: цифрлық серпіліс білім беру жүйесін қалай өзгертіп жатыр?

Марсель АЛДАНОВ

Қазақстанда білім беру саласы жаңа кезеңге аяқ басты. «Келешек мектеп» ұлттық жобасы аясында бой көтерген жаңа білім ордалары бүгінде жай ғана мектеп емес, цифрлық технологиялар, ғылым және инновациялар тоғысқан интеллектуалдық орталықтарға айналып келеді.

Жобаның басты мақсаты – заманауи инфрақұрылым қалыптастырумен қатар, әлемдік талаптарға сай бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеу.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллектіні еліміздің стратегиялық даму бағыттарының бірі ретінде белгілеп, білім беру жүйесіне цифрлық технологияларды кеңінен енгізудің маңызын бірнеше рет атап өтті. Осы саясаттың нақты көрінісін бүгінде «Келешек мектеп» жобасы аясында ашылған білім ұйымдарының жұмысынан байқауға болады.

Солардың бірі – Астана қаласындағы №101 мектеп. Мұнда білім беру үдерісі жасанды интеллект, STEM-білім беру, робототехника және цифрлық платформалар арқылы ұйымдастырылып, оқушылардың шығармашылық және зерттеушілік әлеуетін дамытуға ерекше көңіл бөлінеді.

Мектеп директоры Алма Жұмабекованың айтуынша, цифрлық технологиялардың басты мақсаты – мұғалімді алмастыру емес, оның мүмкіндігін кеңейту.

«Біз үшін жасанды интеллект – білім берудегі серіктес. Ол мұғалімнің тәжірибесін толықтырып, әр оқушының қабілетін ашуға мүмкіндік береді. Бүгінгі мектеп тек білім беретін орын емес, болашақ мамандарды даярлайтын инновациялық ортаға айналуы тиіс», – дейді мектеп директоры Алма Жұмабекова.

Бүгінде мектепте AI және STEM кабинеттері жұмыс істейді. AI Smart Blackboard интерактивті панельдері күрделі ғылыми тақырыптарды көрнекі түрде түсіндіруге мүмкіндік берсе, AI Cloud Host платформасы сабақ материалдарын цифрлық форматта сақтап, оқушылардың білімге тәулік бойы қол жеткізуін қамтамасыз етеді. Әрбір оқушының жеке терминалдармен жұмыс істеуі олардың жеке оқу траекториясын қалыптастыруға жағдай жасап отыр.

Цифрлық технологиялар мектеп қауіпсіздігін де жаңа деңгейге шығарды. Kepler Vision интеллектуалды жүйесі қауіпсіздікті бақыласа, Roqed AI платформасы мектеп әкімшілігіне нақты деректер негізінде басқарушылық шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді.

Мектеп оқушылары халықаралық және республикалық білім сайыстарында да жоғары нәтижелер көрсетуде. «Открываем мир науки» халықаралық байқауында ғарыштық технологиялар бойынша жасанды интеллект қолданылған жобамен І орын иеленсе, Президенттік олимпиада, «Зерде», ASTANA SPACE CHALLENGE, Central Asia FIRST Championship сияқты беделді жарыстарда да мектеп оқушылары жүлделі орындарға ие болды.

Мектеп директоры Алма Жұмабекованың пікірінше, мұндай жетістіктердің негізінде ең алдымен мұғалімдердің кәсіби дамуы жатыр.

«Біздің басты инвестициямыз – ұстаз. Қандай заманауи технология келсе де, оны тиімді пайдаланып, оқушыға дұрыс бағыт беретін мұғалім. Сондықтан біз педагогтердің цифрлық құзыреттілігін арттыруға ерекше көңіл бөлеміз», – дейді директор.

Бүгінде №101 мектеп педагогтері авторлық бағдарламалар әзірлеп, жасанды интеллект құралдарын сабақ жоспарлауда, оқу материалдарын дайындауда және білімді бағалау жүйесінде белсенді пайдаланып келеді. Соның нәтижесінде мектеп мұғалімдері қалалық және республикалық деңгейдегі кәсіби байқауларда тұрақты түрде жоғары нәтиже көрсетуде.

Сарапшылардың пікірінше, «Келешек мектеп» жобасының басты ерекшелігі – жаңа ғимарат салумен шектелмей, білім беру философиясын өзгертуінде. Мұнда технология оқушыны алмастырмайды, керісінше оның сыни ойлауын, шығармашылығын, инженерлік қабілетін және ғылыми ізденісін дамыту құралына айналады.

Алма Жұмабекованың сөзінше, бүгінгі мақсат – цифрлық технологияны тұтынатын емес, оны жасайтын және тиімді қолданатын ұрпақ тәрбиелеу.

«Біздің мектептің миссиясы – тек білімді түлек емес, өзгерістерге бейім, технологияны меңгерген, елдің дамуына үлес қоса алатын тұлға қалыптастыру. “Келешек мектеп” жобасының шынайы нәтижесі де – осы», – деп түйіндеді мектеп директоры.

Бүгінде «Келешек мектеп» жобасы Қазақстандағы білім берудің жаңа стандартын қалыптастырып келеді. Ал №101 мектептің тәжірибесі цифрлық трансформацияның дұрыс ұйымдастырылған жағдайда оқушылардың сапалы білімі мен халықаралық деңгейдегі жетістіктеріне тікелей әсер ететінін көрсетіп отыр.