Астанада дамуында ерекшелігі бар оқушыны қатарластары соққыға жыққан
Астанада сөйлеу және психикалық дамуында тежелуі бар мектеп оқушысын қатарластары сабақтан кейін соққыға жыққан. Бұл туралы баланың анасы әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды KazFace.kz.
Анасының айтуынша, жасөспірімді сабақтан шыққаннан кейін сегіз оқушы күтіп тұрған. Олардың бірі арт жағынан келіп, баланы тұншықтырып, соққы жасаған. Ал қалғандары болған оқиғаны телефонға түсіріп, күліп тұрған және өзге балалардың араласуына мүмкіндік бермеген.
«Буллинг – тек ұратын адам емес. Бұл – үндемей қарап тұрған, арандатып, видеоға түсіріп тұрғандардың да әрекеті», – деп жазды ол.
Оқиғаға қатысты Астана қалалық полиция департаменті пікір білдірді. Ведомство мәліметінше, жанжалға қатысқан барлық жасөспірім анықталып, полицияға жеткізілген. Олар профилактикалық есепке қойылды.
Сонымен қатар, кәмелетке толмағандарды тәрбиелеу міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін олардың заңды өкілдері әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Полиция өкілдерінің хабарлауынша, мектеп әкімшілігі мен ата-аналардың қатысуымен құқықбұзушылықтың алдын алу кеңесі өткізілген. Жиында мұндай жағдайлардың алдын алу, жасөспірімдердің тәртібін бақылауды күшейту және ата-аналардың жауапкершілігін арттыру мәселелері қаралған.