Қоғам

Желіде боғауыз жазатындарға жаза күшейеді

Желіде боғауыз жазатындарға жаза күшейеді

Жұлдыз ОРАЗХАН

Қазақстанда интернет кеңістігіндегі әдепсіз контентке қатысты жауапкершілік күшейтілуі ықтимал,деп хабарлайды KazFace.kz.

Үкімет әлеуметтік желілер мен онлайн-платформаларда бейәдеп сөздер қолданған азаматтарды әкімшілік жауапкершілікке тартуды көздейтін заңнамалық өзгерістерді дайындап жатыр.

Премьер-министр Олжас Бектенов депутаттық сауалға берген жауабында «Онлайн-платформалар және масс-медиа мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы әзірленгенін мәлімдеді. Құжатта онлайн-платформалардағы былапыт сөздер үшін әкімшілік жауапкершілік енгізу қарастырылған.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, ӘҚБтК-нің 434-бабы бойынша қоғамдық орындарда былапыт сөз айту, азаматтарды қорлау немесе қоғамға құрметсіздік таныту ұсақ бұзақылық ретінде бағаланады. Мұндай әрекеттер үшін 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл, 20-дан 60 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту немесе 5-тен 15 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алу жазасы қарастырылған.

Үкіметтің ұстанымынша, интернет те қоғамдық кеңістіктің бір бөлігі болып саналады. Сондықтан әлеуметтік желілерде жарияланған жазбалар, пікірлер немесе бейнероликтердегі бейәдеп лексика заң аясында қаралуы мүмкін.

2026 жылғы есеп бойынша 20 АЕК көлеміндегі айыппұл 86 500 теңгені құрайды. Егер заң жобасы қабылданса, әлеуметтік желіде жарияланған әрбір жеке материал құқық бұзушылық ретінде қарастырылуы мүмкін.

Сарапшылардың пікірінше, бірнеше бөлек жарияланым анықталған жағдайда жауапкершілік те әрбір эпизод бойынша жеке қаралуы ықтимал.

Заң жобасын парламент қарауына 2026 жылдың маусым айында енгізу жоспарланған. Құжат қабылданған жағдайда онлайн-платформалардағы сөйлеу мәдениетіне қойылатын талаптар күшейе түспек.