Қоғам

Көкшетауда адам өліміне әкелген жол апаты бойынша сот үкімі шықты

Көкшетауда адам өліміне әкелген жол апаты бойынша сот үкімі шықты

Балауса ЖАҚСЫБАЙ

Көкшетауда автокөлікпен әйел адамды қағып, оның өліміне себеп болған жүргізушіге қатысты сот үкімі жарияланды, деп хабарлайды KazFace.kz.

Қайғылы оқиға биылғы 9 мамыр күні қаладағы тұрғын үйлердің бірінің ауласындағы автотұрақта болған.

Бейнебақылау камераларына түсіп қалған кадрларда көліктің автотұраққа кіреберісте жолмен келе жатқан әйелді қағып, үстінен басып өткені көрінеді. Зардап шеккен әйел ауыр жарақаттар салдарынан ауруханада көз жұмған.

Көкшетау қалалық соты азаматша С.-ға қатысты қылмыстық істі қарады. Ол Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 345-бабының 3-бөлігі бойынша, яғни жол қозғалысы ережелерін бұзып, абайсызда адам өліміне әкелгені үшін айыпталған.

Сот материалдарына сәйкес, 2026 жылдың мамыр айында азаматша С. жүргізуші куәлігі болмағанына қарамастан көлік тізгініне отырып, тұрғын үй ауласына бұрылу кезінде жаяу жүргіншіні қағып кеткен. Алған жарақаттарының салдарынан әйел адам кейін ауруханада қайтыс болған.

Сот отырысында айыпталушы көлікті жұбайының денсаулығының күрт нашарлауына байланысты, оның рұқсатымен жүргізгенін айтты. Көлік иесінің жүргізуші куәлігі жоқ адамға көлікті басқаруға бергені бойынша іс бөлек өндіріске шығарылған.

Сот айыпталушының кінәсі өзінің мойындауымен, куәгерлердің жауаптарымен, оқиға орнын қарау материалдарымен, жол-көлік оқиғасының схемасымен, сараптама қорытындыларымен және бейнежазбамен толық дәлелденгенін атап өтті.

Жаза тағайындау кезінде сот оның шын жүректен өкінгенін, кәмелетке толмаған балаларының бар екенін, жәбірленуші тарапқа моральдық шығынды толық өтегенін және бұрын қылмыстық немесе әкімшілік жауапкершілікке тартылмағанын ескерді.

Сонымен қатар жәбірленуші тарап сотта айыпталушыға материалдық және моральдық талаптарының жоқ екенін, келтірілген шығын толық өтеліп, кешірім сұралғанын айтып, оны бас бостандығынан айырмауды сұраған.

Дегенмен сот жүргізушінің көлік құралын басқару құқығы болмағанына қарамастан рөлге отырып, жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзғанын және бұл әрекет адамның өліміне әкелгенін назарға алды.

Сот үкімімен азаматша С. 2 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айырылды. Алайда оның тәрбиесінде екі кәмелетке толмаған баласы болғандықтан, Қылмыстық кодекстің 74-бабына сәйкес жазаны өтеу мерзімі 3 жылға кейінге шегерілді.