Жаңалықтар

6 жылда тағы 4 млн қазақстандық табиғи газға қол жеткізді

6 жылда тағы 4 млн қазақстандық табиғи газға қол жеткізді

Қазақстанда халықты табиғи газбен қамтамасыз ету бойынша ауқымды жұмыстар жалғасып жатыр. Соңғы алты жылда елдегі газдандыру деңгейі 51%-дан 64,2%-ға дейін өсті, деп хабарлайды KazFace.kz

Осы кезеңде шамамен 4 млн қазақстандық табиғи газға қол жеткізді. Газбен қамтылған халық саны 9,1 млн адамнан 13,1 млн адамға дейін артты.

Газдандыру жұмыстары аясында 1 мыңнан астам елді мекен қамтылып, 20 мың шақырым газ тарату желісі салынды. Бұл көрсеткіш газ тасымалдау және газ тарату жүйелерін дамытуға, сондай-ақ жаңа елді мекендерді газға қосуға бағытталған инфрақұрылымдық жобалардың нәтижесінде қалыптасты.

Тек 2025 жылдың қорытындысы бойынша 94 елді мекендегі 354 мыңнан астам тұрғын табиғи газға қол жеткізді. Бір жыл ішінде шамамен 2 мың шақырым газ тарату желісі салынды.

2026 жылы да газ инфрақұрылымын дамыту жұмыстары жалғасуда. Қазіргі таңда 40 жоба іске асырылып жатыр. Оның 7-еуі – өтпелі, 33-і – жаңа жоба. Оларды жүзеге асыру нәтижесінде биыл тағы шамамен 36 мың адамды табиғи газбен қамту жоспарланып отыр.

Солтүстік өңірлерді газдандыруда «Ишим – Астана» магистральдық газ құбырын салу жобасының маңызы зор. Қазақстан Үкіметі мен «Газпром» арасында жобаны іске асыру жөніндегі меморандумға қол қойылды. Жоба Астана, Көкшетау және Петропавл қалаларын тұрақты газбен қамтамасыз етуге, сондай-ақ елдің солтүстік өңірлеріне табиғи газ жеткізу бағыттарын әртараптандыруға мүмкіндік береді.

Газдандыруды одан әрі кеңейту Мемлекет басшысының халықтың табиғи газбен қамтылу деңгейін 2035 жылға қарай 80%-ға жеткізу жөніндегі тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылуда.

Газдандыру – елдің энергетикалық инфрақұрылымын дамытудың маңызды бағыттарының бірі. Табиғи газға қолжетімділіктің артуы азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартып, өңірлердің дамуына және елдің энергетикалық қауіпсіздігін нығайтуға ықпал етеді.