Ұрпақ тәрбиесі мен білім жолына ғұмырын арнаған тұлға
Гүлбану ӘБЕНОВА
«Отан деп соққан жүрегім» кітабын оқып шыққан соң, мен үшін бұл еңбек жай ғана естелік немесе өмірбаяндық шығарма болып қалған жоқ. Бұл кітап арқылы мен бір адамның тағдырын ғана емес, тұтас бір дәуірдің тарихын, тәуелсіздікке дейінгі және тәуелсіздік жылдарындағы ұстаздардың өмірін, олардың қоғам алдындағы жауапкершілігін көргендей болдым.
Кітап авторы - Темірбек Жүргенов атындағы №70 мектеп-лицейінің директоры Гүлжамал Пердебайқызы Байменова. Кітаптың әр тарауын оқыған сайын оның өмір жолының қаншалықты күрделі, мазмұнды әрі елге қызмет етуге арналған ғұмыр болғанына көзім жете түсті.
Мені ең алдымен автордың балалық және жастық шағы туралы жазған естеліктері қызықтырды. Оның бойындағы әділдікке ұмтылу, турашылдық, жауапкершілік сияқты қасиеттер бала кезінен қалыптасқаны байқалады.
Кітаптан оның қандай ортада тәрбиеленгенін, қандай құндылықтарды бойына сіңіріп өскенін көруге болады. Кейін дәл осы қасиеттер оның өмірлік ұстанымына айналғанын аңғардым.
Автордың өміріндегі ерекше кезеңдердің бірі - Желтоқсан оқиғасы. Кітапта сол кезеңнің ауыртпалығы, жастардың көңіл күйі, әділетсіздікке қарсы тұрған қазақ жастарының тағдыры шынайы баяндалады.
Гүлжамал Байменованың сол тарихи оқиғаға қатысып, тергеуден өтіп, түрлі қиындықтарды бастан кешкені оның азаматтық ұстанымының беріктігін көрсетеді. Осындай сынақтардан кейін де мойымай, халқына қызмет ету жолын таңдауы мен үшін ерекше әсер қалдырды.
Кітаптан оның ұстаздық жолы қалай басталғанын да білдім. Жолдасымен бірге ауыл мектебіне мұғалім болып барған жас мамандардың өмірі, ауыл балаларына білім беру жолындағы алғашқы қадамдары өте әсерлі суреттелген. Сол кездің өзінде автор үшін мұғалімдік қызмет жай ғана жұмыс емес, үлкен миссия болғанын байқауға болады.
Кітаптағы маңызды ойлардың бірі - тәрбие мәселесі. Автордың пайымдауынша, білім мен тәрбие ешқашан бір-бірінен ажырамауы керек. Ол оқушыларға тек пән үйретіп қана қоймай, ұлттық құндылықтарды, салт-дәстүрді, ана тілін құрметтеуді, Отанды сүюді басты орынға қойған. Кітаптан оның әрбір сабағында, әрбір тәрбиелік іс-шарасында ұлттық рухтың болғанын аңғардым.
Маған ерекше ұнаған тұстардың бірі – автордың әдеп мәселесіне қатысты көзқарасы. Қазіргі қоғамда көп жағдайда назардан тыс қалып жататын қарапайым дүниелерге оның үлкен мән бергені байқалады.
Амандасу мәдениеті, үлкенді сыйлау, қонақ күту әдебі, адамдармен дұрыс қарым-қатынас жасау сияқты қасиеттерді ол тұлға тәрбиесінің негізі деп есептеген. Кітапты оқи отырып, осы құндылықтардың бүгінгі күні де өзектілігін жоғалтпағанын түсіндім.
Сонымен қатар автор оқушылардың сыртқы келбетіне, киім кию мәдениетіне де ерекше назар аударған. Қыз баланың ибалы, инабатты болып өсуі, ер баланың намысты әрі жауапты азамат болып қалыптасуы туралы ойлары кітаптың көптеген беттерінде көрініс табады.
Оның пікірінше, тәрбиенің ұсақ-түйегі болмайды, адамның мәдениеті мен дүниетанымы осындай қарапайым нәрселерден басталады.
Кітаптан мен Гүлжамал Байменованың қазақ тіліне деген ерекше құрметін де байқадым. Ол мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруді ұстаздық қызметінің маңызды бағыты ретінде қарастырған. Шәкірттерінен де қазақ тілін құрметтеуді талап еткен. Бұл ұстаным оның бүкіл педагогикалық қызметінің өзегіне айналғандай әсер қалдырды.
Автордың патриоттық көзқарасы да кітаптың өн бойынан сезіліп тұрады. Ол қазақ халқының көрнекті тұлғаларын дәріптеп, олардың өмір жолын жастарға үлгі етуге тырысқан. Оның пікірінше, ұлттық сана ұлттық тарихты білуден басталады. Бұл ойлар кітапта нақты мысалдармен берілген.
Мені таңғалдырған тағы бір жайт - автордың қоғамдық жұмыстарға белсенді араласуы. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы қиын кезеңде ұлттық рухты көтеруге бағытталған көптеген бастамалардың ортасында жүргені кітапта кеңінен баяндалады. Әсіресе 1993 жылы өткізілген маңызды конференцияны ұйымдастыруға атсалысуы оның ел тағдырына бейжай қарамағанын көрсетеді.
Кітаптан автордың көптеген зиялы қауым өкілдерімен, қоғам қайраткерлерімен, ақын-жазушылармен кездескенін де оқыдым. Осындай кездесулер оның дүниетанымын кеңейтіп, ұстаздық қызметіне жаңа серпін бергені байқалады. Бұл оның өзін үнемі дамытып отырған тұлға екенін көрсетеді.
Автордың басшылық қызметі туралы бөлімдер де ерекше қызығушылықпен оқылды. Мектеп директоры ретінде ол тек әкімшілік жұмыстармен шектелмей, жас мұғалімдерді қолдап, олардың кәсіби өсуіне жағдай жасаған. Ұжымды ортақ мақсатқа жұмылдырып, мектептің дамуына үлес қосқан. Кітаптан оның ұйымдастырушылық қабілетінің жоғары болғанын аңғардым.
Қырық жылдан астам уақытын ұстаздық қызметке арнау – үлкен ерлік деп ойлаймын. Өйткені мұғалім болу тек сабақ берумен шектелмейді. Ол - мыңдаған баланың тағдырына жауап беру, олардың болашағын қалыптастыру деген сөз. Ал мектеп басқару, ұстаздарға бағыт беру, ата-аналармен жұмыс істеу одан да үлкен жауапкершілік жүктейді.
Кітапты оқи отырып, Гүлжамал Байменованың бүкіл өмірі туған елге, ұлтқа, білім мен тәрбиеге қызмет етуге арналғанын анық көрдім. Оның патриотизмі сөз жүзінде емес, нақты істерінен байқалады. Ол қай жерде жүрсе де ұлттық құндылықтарды қорғап, жастардың бойына отансүйгіштік қасиеттерді сіңіруге күш салған.
Осы кітаптан алған ең басты әсерім - автордың адалдығы мен өз ісіне деген шексіз берілгендігі. Ол өмір бойы ұстаздық мамандықтың қадірін түсірмей, оның абыройын көтеруге еңбек еткен тұлға ретінде көрінеді.
Кітапты аяқтаған соң бір ой маза бермеді. Осындай саналы ғұмырын білім беру ісіне, жас ұрпақ тәрбиесіне, қоғамдық жұмыстарға арнаған адамның әлі күнге дейін бірде-бір жоғары мемлекеттік наградамен марапатталмағаны түсініксіз көрінді.
Қырық жылдан астам уақыт бойы елдің болашағын тәрбиелеген, Желтоқсан оқиғасының куәгері болған, ұлттық құндылықтарды дәріптеген, мыңдаған шәкірт тәрбиелеген ұстаздың еңбегі кез келген құрметке лайық деп есептеймін.
Бүгінде «Құрмет» пен «Парасат» ордендерін алып жатқан блогерлерді, сыра сататындарды, тик-токта секіріп жұргендерді жиі көреміз. Ал өмірін мектепке, бала тәрбиесіне арнаған педагогтердің еңбегі көбіне назардан тыс қалып жатады.
Меніңше, бұл кітап бір адамның өмірбаяны ғана емес. Бұл - ұстаз мамандығының қадірін көрсететін еңбек. Кітапты оқып шыққан соң Гүлжамал Байменованың өмір жолына құрметім артты.
Оның өмірі мен қызметі адалдықтың, еңбекқорлықтың, отансүйгіштіктің және ұстаздыққа деген шынайы адалдықтың үлгісі деп бағалаймын. Осындай тұлғалардың еңбегі мемлекет тарапынан да лайықты бағалануы керек деп ойлаймын.
Жас ұстаздардың бәрі осы кітапты оқуы тиіс деп есептеймін. Себебі бұл еңбек арқылы олар ұстаздықтың жай ғана мамандық емес, ел болашағы үшін атқарылатын үлкен жауапкершілік екенін түсінеді. Гүлжамал Байменованың ұстаздыққа деген көзқарасы мен өмірлік ұстанымы кейінгі буын педагогтер үшін үлгі болуға лайық.