Қазақы тазы әлемдік аренада топ жарды
Италияның Болонья қаласында өткен World Dog Show 2026 халықаралық көрмесінде қазақы тазы жоғары нәтижелер көрсетіп, Қазақстанның ұлттық ит тұқымын әлемге тағы бір мәрте танытты, деп хабарлайды KazFace.kz.
2-7 маусым аралығында өткен әлемдік кинологияның ең беделді шараларының бірінде Қазақстан атынан қазақы тазы ұсынылды. Бұл – 2024 жылы Халықаралық кинологиялық федерациядан (FCI) алдын ала мойындау алған ұлттық тұқым үшін маңызды кезең болды.
Көрме аясында Қазақстан кинологтар одағы халықаралық сарапшыларға қазақы тазының тарихы, ерекшеліктері мен ұлттық мәдениеттегі орны туралы арнайы дәріс өткізді. Сонымен қатар көрме аумағында ұйымдастырылған қазақстандық стенд келушілердің ерекше қызығушылығын тудырып, ең тартымды экспозициялардың біріне айналды.
5-6 маусым күндері қазақы тазылар бірнеше халықаралық байқауға қатысып, жоғары бағаларға ие болды. Барлық ұсынылған иттер «Өте жақсы» деген баға алып, қазақстандық селекциялық жұмыстың сапасын дәлелдеді.
World Dog Show 2026 қорытындысы бойынша Астанадан келген Лашын әлем чемпионы атанса, Рея да әлем чемпионы атағын иеленді. Челси мен Табиғат жасөспірімдер арасындағы әлем чемпиондары атанды. Сонымен қатар Лашын көрменің үздік қазақы тазысы деп танылды.
Тағы бір тарихи жетістік – Перс пен Челси халықаралық деңгейдегі борзылар арасындағы бәсекеде төртінші орынға ие болып, қазақы тазының әлеуетін әлемдік деңгейде көрсетті.
Қазақстан алғаш рет беделді TOP Dog 2026 шоуына да қатысты. Аренада Қазақстанның Мемлекеттік Туы көрсетіліп, қазақы тазы Дастер еліміздің атынан таныстырылды. Бұл қазақы тазыны тек кинологиялық тұқым ретінде ғана емес, қазақ халқының мәдени мұрасы ретінде насихаттауға мүмкіндік берді.
Айта кетейік, 2024 жылғы 3 қыркүйекте FCI қазақы тазыны алдын ала мойындап, Қазақстанды тұқымның ресми шыққан елі ретінде бекіткен болатын. Болоньядағы жетістіктер ұлттық тұқымның халықаралық деңгейдегі беделін арттырып, оның түпкілікті мойындалуына жол ашатын маңызды қадам болды.