Жаңалықтар

Автотұраққа тыйым туралы ақпарат – ресми түрде жоққа шығарылды

Автотұраққа тыйым туралы ақпарат – ресми түрде жоққа шығарылды

Балауса ЖАҚСЫБАЙ

Әлеуметтік желілер мен бірқатар БАҚ-та 2026 жылдың 1 шілдесінен бастап тұрғын үйлердің маңында автокөлік қоюға тыйым салынады деген ақпарат тарады, деп хабарлайды KazFace.kz

Алайда бұл ақпарат шындыққа сәйкес келмейді.

ҚР Индустрия және құрылыс министрінің «Қалалар мен елді мекендер аумақтарын абаттандырудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы» бұйрығында тұрғын үйлер маңындағы автотұрақтарға қатысты жаңа тыйым енгізу қарастырылмаған.

Аталған құжаттың негізгі мақсаты — нормативтік базаны ҚР Құрылыс кодексіне сәйкестендіру және елді мекендерді абаттандыруға қатысты қолданыстағы нормаларды қайта бекіту. Яғни, бұл ережелер бұрыннан қолданыста болған талаптардың жаңартылған нұсқасы ғана болып табылады.

Жаңа редакцияда азаматтарға арнайы белгіленген тұрақ орындарында көлік қоюға тыйым салынбайды. Керісінше, өзгерістер тек нақтылау сипатында жасалған.

Атап айтқанда, жеке тұрғын үй аумағына қатысты 32-тармақта «өзге де жылжымалы мүліктер» деген жалпы ұғым нақтыланып, оған автокөліктер, тіркемелер мен арбалар жататыны көрсетілген. Бұл тек ортақ аумақта ұзақ уақыт бойы қараусыз қалдырылған мүліктерге қатысты.

Сонымен қатар, бұл қағидалар жол қозғалысы, автотұрақтарды ұйымдастыру немесе көлік құралдарын пайдалану мәселелерін реттемейді. Сондықтан «жаңа шектеулер енгізілді» деген тұжырымдар құжат мазмұнына сәйкес келмейді.

Министрлік ресми дереккөздерге ғана сүйеніп, жалған ақпарат таратпауға шақырады.