Қоғам

Астана соты кәсіпкер Мөлдір Суюншалиға қатысты іс қозғады

Астана соты кәсіпкер  Мөлдір Суюншалиға қатысты іс қозғады

Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігі (АФМ) бірқатар құрылыс компанияларын басқарған кәсіпкер Мөлдір Суюншалиға қатысты тергеу басталғанын мәлімдеді. Ол аса ірі көлемдегі алаяқтық жасады деген күдікке ілінген, деп хабарлайды KazFace.kz.

Тергеу нұсқасына сәйкес, 2021–2024 жылдар аралығында Суюншали өзіне қарасты компаниялар арқылы азаматтардың қаражатын “Nura Elite” коттедж қалашығын салу сылтауымен тартқан. Жоба бойынша 37 коттедж және 24 таунхаус салу жоспарланған. Алайда белгіленген мерзім — 2023 жылдың IV тоқсанына дейін нысандар толық аяқталмаған, қазіргі уақытта таунхаустардың тек қаңқалары ғана тұрғызылған.

Сатып алушылармен алдын ала сатып алу-сату келісімшарттары жасалған. Нәтижесінде 56 адам жәбірленуші деп танылып, тартылған қаражаттың жалпы көлемі 3,9 млрд теңгені құраған.

АФМ мәліметінше, қаражаттың бір бөлігі — 322 млн теңге — Суюншалидың, оның жұбайы мен анасының есепшоттарына аударылған, ал 145 млн теңге қолма-қол ақшаға айналдырылған.

Сонымен қатар тергеу барысында бір нысанды екі рет сату фактісі анықталған. Атап айтқанда, толық төленген коттедждердің бірі күдікті тарапынан жеке міндеттемелер бойынша кепілге қойылып, кейін үшінші тұлғаларға рәсімделіп, бірнеше рет қайта сатылған.

“Суюншали сатып алушылармен жер телімдеріне құқық беруді көздейтін келісімшарттар жасаған. Алайда ол бұл жерлерге заңды түрде иелік ету құқығына ие болмаған”, — деп хабарлады агенттік.

Сондай-ақ үлескерлердің қаражатының бір бөлігі Астанада “Асылхан” тұрғын үй кешенін салу үшін жер телімін сатып алуға жұмсалғаны белгілі болды. Бірақ құрылысқа қажетті рұқсат құжаттары болмаған.

Оған қоса, күдікті “Біз біргеміз” қайырымдылық қоры арқылы БАҚ-та мұқтаж жанға пәтер берілетіні туралы ақпарат таратқан. Алайда іс жүзінде тұрғын үй кешенінің құрылысы басталмаған.

Қазіргі уақытта Мөлдір Суюншали үйқамаққа алынған. Тергеу жалғасуда.

Айта кетейік, Мөлдір Суюншали — MM Group компаниясының негізін қалаушы. 2021 жылы ол Forbes Kazakhstan журналының “30 жасқа дейінгі 30” рейтингіне енген.

Еске салсақ, бұған дейін “Біз біргеміз” қорының басшысы Перизат Қайратқа қатысты іс қоғамда үлкен резонанс тудырған болатын. 2024 жылдың 25 шілдесінде сот үкімімен ол 10 жылға бас бостандығынан айырылды, ал анасы 7 жылға сотталған.