Жұлдыздар өмірі

Баян Алагөзова мен Динара Сәтжанға жала жапқан емші жазаланды

Баян Алагөзова мен Динара Сәтжанға жала жапқан емші жазаланды

Жұлдыз ОРАЗХАН

Ақтөбелік емші Бағдагүл Лепесова продюсер Баян Алагөзова мен тележүргізуші Динара Сәтжанға жала жапқаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сот оған 1 млн 557 мың теңге айыппұл салды, деп хабарлайды KazFace.kz.

Бұған дейін Бағдагүл Лепесова әлеуметтік желіде Баян Алагөзова мен Динара Сәтжанға қатысты пікір білдіріп, олардың жеке өмірі мен қызметіне қатысты бірқатар мәлімдеме жасаған.

«Қазақстанды ұстап тұрған екі қатын ғой. Біреуі – Баян-Шаян, екіншісі – Динара. Екеуі екі бай еркекті ұстап алған. Екеуінің жерге түкірігі түспей тұр. Бірақ қазақша сөйлеп өлген жаны ашымады. Динара Сәтжанның сән көрсетілімі масқара болып жатыр енді. Жұрттар жазып жатыр қалай қарауға болады деп. Оған арнайы шақырту керек дейді. Арнайы шақырылғандарды көрдік, тек байдың қатындары. Арасында бір кедейі жоқ. Киімдердің дизайны жақсы енді, бірақ көбінің материалы арзан көрініп тұр, сапасыз дүние екені», – деген ол видеода.

Осыдан кейін Баян Алагөзова мен Динара Сәтжан 15 мамырда e-Otinish порталы арқылы Бағдагүл Лепесоваға қатысты арыз түсірген.

25 мамырда Лепесоваға қатысты әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 73-3 бабының 2-бөлігі, яғни «Жала жабу» бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Іс аясында әлеуметтік желіде тараған бейнежазбалар сот сараптамасына жіберіліп, сараптама қорытындысы бойынша жала жабу дерегі расталған.

Сот отырысында Бағдагүл Лепесова өзіне тағылған айыпты мойындамады. Ол даулы бейнежазбаны өзінің әлеуметтік желідегі парақшасына жарияламағанын айтты. Ал оның қорғаушысы видеоматериалдың монтаждалуы немесе жасанды интеллект көмегімен жасалуы мүмкін екенін алға тартқан.

Баян Алагөзова сот отырысына онлайн қатысып, әлеуметтік желіде айтылған сөздер ар-намысына тигенін жеткізді. Ол медиациялық келісімге келуден бас тартып, Лепесованы заң аясында жауапқа тартуды сұрады.

Сот Бағдагүл Лепесованы Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 73-3-бабының 2-бөлігі бойынша кінәлі деп танып, оған 1 млн 557 мың теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салды.

Сот шешіміне сәйкес, айыппұл 30 тәулік ішінде төленуі тиіс.

Сонымен қатар, Бағдагүл Лепесоваға қатысты Астанада Қылмыстық кодекстің «Қорлау» бабы бойынша қылмыстық іс тіркелген. Іс Баян Алагөзованың арызы негізінде қозғалған.