Бақытжан Байжанов рақымшылықпен бостандыққа шықты
Бақытжан Байжановқа қатысты «Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының қабылдануына байланысты рақымшылық жасау туралы» Қазақстан Республикасы Заңы қолданылып, ол сот қаулысымен мерзімінен бұрын босатылды, деп хабарлайды KazFace.kz
Қазақстан Республикасы ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің мәліметінше, сот қарауы кезінде Байжановтың өтелмеген жаза мерзімі 3 ай 18 күнді құраған.
Сонымен қатар сот қаулысымен оған 6 жыл мерзімге пробациялық бақылау және әкімшілік қадағалау белгіленді.
Байжановтың қорғаушысы Ғазиз Ынтықбаевтың айтуынша, Степногорск қалалық соты қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінің ұсынысын қарап, рақымшылық актісін қолдану туралы шешім қабылдаған. Сот қаулысы түзеу мекемесіне түскеннен кейін сотталушыны дереу босату міндеттелген.
Еске салайық, бұған дейін де сот Байжановтың жазасын рақымшылық туралы заң негізінде қайта қарап, өтелмеген жаза мерзімін үштен біріне қысқартқан болатын. Соның нәтижесінде оның жаза өтеу мерзімі 1 жыл 4 ай 17 күн болып белгіленіп, 2027 жылдың шілдесінің орнына 2026 жылдың қарашасында босатылуы тиіс еді. Алайда кейінгі сот шешімі негізінде ол мерзімінен бұрын бостандыққа шықты.
Айта кетейік, 2024 жылғы 13 мамырда сот бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевты Салтанат Нүкенованы аса қатыгездікпен өлтіргені және азаптағаны үшін 24 жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарған болатын. Ал оның туысы Бақытжан Байжанов аса ауыр қылмысты жасырғаны үшін 4 жылға орташа қауіпсіздік мекемесінде бас бостандығынан айыру жазасына кесілген еді.