Билік

Қызылорда облысына жаңа әкім тағайындалды

Қызылорда облысына жаңа әкім тағайындалды

Мемлекет басшысының Жарлығымен Мұрат Ергешбаев Қызылорда облысының әкімі болып тағайындалды. Бұл туралы Ақорда хабарлады, деп хабарлайды KazFace.kz.

Ресми ақпаратқа сәйкес, Мұрат Нәлқожаұлы Ергешбаев 1966 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келген. Ол Алматы халық шаруашылығы институтын және Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық жоғары мемлекеттік басқару мектебін тәмамдаған.

Еңбек жолын 1989 жылы Сырдария ауданындағы Жамбыл кеңшарында экономист болып бастаған. Кейін Сырдария аудандық өнеркәсіп бірлестігінде бөлім бастығы қызметін атқарды.

Әр жылдары банк саласында түрлі басшылық лауазымдарда жұмыс істеп, Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің «Өрт сөндіруші» акционерлік қоғамында вице-президент қызметін атқарған.

2008-2017 жылдары Қызылорда қаласының әкімі, облыстық қаржы басқармасының бастығы, Қармақшы және Шиелі аудандарының әкімі, Алматы қаласы бойынша тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті басшысының орынбасары, «ҚазАгроӨнім» акционерлік қоғамының басқарушы директоры, сондай-ақ Қызылорда облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы қызметтерін атқарды.

2017 жылдың қазан айынан бастап Қазалы ауданының әкімі қызметін атқарса, 2021-2023 жылдары Сырдария ауданының әкімі болды.

Жаңа әкімнің тағайындалуы аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін береді деп күтілуде.