Қазақстан экспорты 40 млрд доллардан асты
Жұлдыз ОРАЗХАН
2026 жылдың қаңтар-маусым айларында Қазақстан экспорты 8,6%-ға өсіп, 40,3 млрд долларға жетті, деп хабарлайды KazFace.kz.
Бұл ретте Түркияға экспорт көлемі бір жылда екі есеге жуық артты.
Алты айда Қазақстанның сыртқы сауда айналымы 71,8 млрд долларды құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 7,2%-ға өсті. Импорт көлемі 5,4%-ға артып, 31,5 млрд долларға жетті. Нәтижесінде сыртқы саудадағы оң сальдо шамамен 8,9 млрд долларды құрады.
Салыстырмалы түрде, 2025 жылдың қаңтар-маусым айларында ел экспорты 37,1 млрд доллар болған. Осылайша, бір жыл ішінде экспорттық түсім шамамен 3,2 млрд долларға артқан.
Қазақстандық тауарлар экспорты ең жоғары қарқынмен өскен бағыттардың бірі – Түркия. Биылғы бірінші жартыжылдықта бұл елге экспорт 94,3%-ға ұлғайып, 3,23 млрд долларға жетті. Сондай-ақ Францияға экспорт 45,2%-ға, Өзбекстанға 39,5%-ға, Германияға шамамен 10%-ға өскен.
Қазақстандық тауарлардың ең ірі нарығы Қытай болып отыр. Алты айда Қытайға 7,51 млрд доллардың өнімі экспортталды. Бұл елдің жалпы экспортындағы үлесі 18,6%-ды құрайды.
Экспорт бағыттары арасында Италияға 6,98 млрд доллар, Ресейге 3,49 млрд доллар, Нидерландқа 2,6 млрд доллар, Францияға 2,32 млрд доллар және Өзбекстанға 2,14 млрд доллардың өнімі жеткізілген.
Тауар түрлері бойынша да өсім байқалады. Мыс пен одан жасалған бұйымдардың экспорты шамамен 58%-ға өсіп, 1,8 млрд доллардан 2,84 млрд долларға жеткен. Ал мыс кендері мен концентраттарының экспорты шамамен 43%-ға артып, 2,05 млрд долларды құрады.
Мұнай және мұнай өнімдері Қазақстан экспортының елеулі бөлігін әлі де сақтап отыр. Сонымен қатар металдар, кендер және басқа да тауар топтарының сыртқы нарыққа жеткізілімі артып келеді.