Қоғам

Жасанды интеллект дәрігерді алмастыра ала ма?

Жасанды интеллект дәрігерді алмастыра ала ма?

Жұлдыз ОРАЗХАН

Жасанды интеллект бүгінде тек IT саласының ғана емес, денсаулық сақтау жүйесінің де маңызды бөлігіне айналып келеді. Соңғы жылдары әлемнің көптеген елінде бұл технология медициналық қызметтің сапасын арттыруға, диагноз қою уақытын қысқартуға және дәрігерлердің жұмысын жеңілдетуге кеңінен қолданылып жатыр. Қазақстан да бұл үдерістен шет қалған жоқ. Әсіресе Астанада жасанды интеллектке негізделген бірнеше цифрлық жоба іске қосылып, медициналық ұйымдардың жұмысына енгізілуде. KazFace.kz тілшісі елордадағы медицина саласында жасанды интеллекттің қалай қолданылып жатқанын саралап көрді.

Дегенмен, қоғамда «жасанды интеллект болашақта дәрігердің орнын баса ма?» деген сұрақ жиі қойылады. Технологиялардың қарқынды дамуы мұндай пікірдің тууына себеп болғанымен, мамандардың айтуынша, жасанды интеллект дәрігерді алмастыру үшін емес, оның жұмысын жеңілдету үшін қажет.

Бүгінде Астанада жасанды интеллекттің көмегімен бірнеше бағытта жұмыс жүргізіліп келеді. Олардың қатарында көз ауруларын қашықтан диагностикалау, қант диабеті, артериялық гипертония және созылмалы жүрек жеткіліксіздігі бар пациенттердің жағдайын қашықтан бақылау жүйелері бар. Сонымен қатар телемедицина элементтері мен медициналық деректерді өңдеуге арналған цифрлық платформалар қолданылуда. Мұндай шешімдер дәрігерлерге пациенттің жағдайын уақытылы бақылауға және аурудың асқыну қаупін ертерек анықтауға мүмкіндік береді.

Елордадағы маңызды жобалардың бірі, медициналық бейнелерді сақтауға және өңдеуге арналған PACS жүйесі. Бұл жүйеде рентген, компьютерлік томография және басқа да радиологиялық зерттеулердің нәтижелері цифрлық форматта сақталады. Жасанды интеллект медициналық кескіндерді талдап, дәрігердің назарын ықтимал өзгерістерге аударады. Ресми мәліметтерге сәйкес, аталған жүйені енгізу нәтижесінде кейбір зерттеулер бойынша диагноз қою мерзімі 30 күннен 3 күнге дейін қысқарған.

Тағы бір мысал, инсульт белгілерін ерте анықтауға арналған Cerebra жүйесі. Ол компьютерлік томография нәтижелерін бірнеше минут ішінде сараптап, дәрігерге ықтимал қауіп туралы хабар береді. Инсульт кезінде уақыт шешуші рөл атқаратынын ескерсек, мұндай технологиялар пациенттің өмірін сақтап қалуға мүмкіндік береді.

Алайда жасанды интеллект қаншалықты дамығанымен, дәрігердің орнын толық баса алмайды. Оның басты себебі, жасанды интеллект дайын алгоритмдер мен енгізілген деректер негізінде ғана жұмыс істейді. Егер жүйеге толық емес немесе қате ақпарат енгізілсе, оның қорытындысы да дәл болмауы мүмкін. Сондықтан кез келген нәтижені міндетті түрде медицина қызметкері тексеріп, клиникалық жағдаймен салыстырады.

Сонымен қатар дәрігер тек зерттеу нәтижесіне ғана сүйенбейді. Ол науқастың шағымдарын тыңдайды, ауру тарихын зерттейді, қосымша талдауларды бағалайды және емдеу тактикасын анықтайды. Мұндай кешенді шешімді бүгінде ешбір жасанды интеллект толықтай қабылдай алмайды.

Тағы бір маңызды мәселе, жауапкершілік. Медициналық шешімнің салдары үшін жауапкершілік дәрігерге жүктеледі. Ал жасанды интеллект тек ақпаратты талдайтын көмекші құрал болып саналады. Сондықтан оның ұсынған қорытындысы соңғы диагноз ретінде қабылданбайды.

Сарапшылардың пікірінше, алдағы жылдары жасанды интеллекттің мүмкіндіктері одан әрі кеңейе түседі. Ол үлкен көлемдегі медициналық ақпаратты жылдам өңдеуге, ауруларды ерте анықтауға және дәрігерлердің уақытын үнемдеуге көмектеседі. Алайда технология адам тәжірибесін, кәсіби ойлау қабілетін және пациентпен тікелей қарым-қатынасты алмастыра алмайды.

Қазіргі таңда Астанада жүзеге асырылып жатқан цифрлық жобалар жасанды интеллекттің медицинадағы мүмкіндіктерін көрсетіп отыр. Бұл технология дәрігердің бәсекелесі емес, оның сенімді көмекшісі. Сондықтан болашақ медицинасын адам мен технологияның тиімді серіктестігі ретінде қарастырған жөн.