Жаңалықтар

Астана күні қалай тойланады

Астана күні қалай тойланады

Астана күні қарсаңында елорда тұрғындары мен қонақтарына арналған ауқымды мерекелік бағдарлама әзірленді, деп хабарлайды KazFace.kz

2–8 шілде аралығында қалада фестивальдер, концерттер, көрмелер, спорттық жарыстар мен мәдени іс-шаралар өтеді.

Мерекелік апта 2 шілдеде Бейбітшілік және келісім саябағындағы Taza Fest Astana экологиялық фестивалімен басталады. Кешке Есіл жағалауында Ұлттық ұланның Үлгілі-көрсетімді оркестрі теплоход үстінде концерт қояды.

3–5 шілде аралығында экологиялық акциялар, балалар мен жастар фестивальдері, көрмелер, театрландырылған қойылымдар, жүгіру жарыстары, көше театрлары фестивалі, Домбыра күніне арналған концерттер және заманауи балет премьерасы ұйымдастырылады.

Негізгі мерекелік шаралар 6 шілде – Астана күні өтеді. Бағдарламада ұлттық спорт түрлерінен турнирлер, шығармашылық фестивальдер, күш атлеттерінің сайысы, қаланың тұрғын алаптарындағы концерттер және кешкі уақытта «Қазақ елі» монументі мен «Астана Арена» алаңындағы ірі open-air концерттері бар.

Мерекелік іс-шаралар 7–8 шілдеде де жалғасады. Бұл күндері «Жайдарман» жастар фестивалі, «Астана – арман қала» концерті, әдеби кездесу және композитор Бауыржан Мақаевтың шығармашылығына арналған «Самғау» музыкалық кеші өтеді.

Осылайша, Астана күніне арналған мерекелік апта аясында елорда тұрғындары мен қонақтарына мәдениет, өнер, спорт және отбасылық демалысты қамтитын ондаған іс-шара ұсынылады.