Қоғам

«Мәртебе ұстаз»: мектеп мәдениетін жаңғыртуға бағытталған жоба

«Мәртебе ұстаз»: мектеп мәдениетін жаңғыртуға бағытталған жоба

Марсель АЛДАНОВ

Қазақстанда педагог мәртебесін арттыру бағытындағы жұмыстар заңнамалық деңгейде ғана емес, мектеп мәдениетін қалыптастыру арқылы да жалғасып келеді. Осындай бастамалардың бірі – «Мәртебе ұстаз» жобасы.

Жоба жетекшісі Нұрбек Ерікұлының айтуынша, ұстаздың қоғамдағы беделі тек заңмен немесе әлеуметтік қолдау шараларымен ғана қалыптаспайды.

«Педагог мәртебесі туралы заң – мемлекет тарапынан жасалған маңызды қадам. Бірақ ұстаздың шынайы мәртебесі мектептегі ортадан, ата-ананың құрметінен, оқушының сенімінен және қоғамның көзқарасынан басталады. Сондықтан біз ұстаз мәртебесін мектеп мәдениетімен қатар қарастырамыз», – дейді Нұрбек Ерікұлы.

Оның айтуынша, «Мәртебе ұстаз» жобасының басты мақсаты – мектепте өзара сыйластыққа негізделген мәдениетті қалыптастыру, ұстаздың қоғамдағы рөлін күшейту және білім беру ұйымдарындағы серіктестік ортаны дамыту.

Жоба жетекшісі ұстазды тек білім беруші маман ретінде ғана емес, тұлға ретінде танытудың маңызын ерекше атап өтті.

«Жақсы ұстаз – ең алдымен жақсы адам. Оның сөзі, іс-әрекеті, оқушыға деген қарым-қатынасы мен өмірлік ұстанымы – тәрбиенің ең қуатты құралы», – дейді ол.

Нұрбек Ерікұлының сөзінше, жобаның рухани негізі үш басты құндылыққа сүйенеді. Олар – еңбек, мінез және терең ой. Бұл құндылықтар ұстаздың кәсіби шеберлігімен қатар, оның адамгершілік болмысын да айқындайды.

Ал осы құндылықтардың барлығын біріктіретін ұғым – әдеп.

«Әдеп – ұстаздың кәсіби мәдениетінің ғана емес, адамдық болмысының да өлшемі. Әдеп сақталған жерде өзара құрмет пен сенім қалыптасады. Ал сенім бар ортада білім беру сапасы да жоғары болады», – дейді жоба жетекшісі.

Бүгінде «Мәртебе ұстаз» жобасы аясында «Мәртебе life» , «Ұстаздан кеңес – бір кітап», TeachХАК, «Талқы», «Менің ұстазым», «Мәртебе зияткерлік ойын», «Қадірле», «101 қолтаңба» секілді бірқатар бастамалар жүзеге асырылып жатыр.

Нұрбек Ерікұлының айтуынша, бұл жобалардың барлығы ұстаздардың тәжірибесін дәріптеуге, ата-аналарды мектеп өміріне жақындатуға және оқушы, ұстаз, ата-ана арасындағы серіктестікті нығайтуға бағытталған.

«Мектептің жетістігі тек олимпиада жеңімпаздарымен немесе заманауи материалдық базасымен өлшенбеуі керек. Ең үлкен жетістік – ондағы ұстаздың қадірі. Ұстазы қадірленген мектепте оқушы өзін қауіпсіз сезінеді, ата-ана мектепке сеніммен қарайды, ал педагог шығармашылықпен еңбек етеді», – дейді ол.

Жоба жетекшісінің пікірінше, ұстаз мәртебесін көтеру – тек білім беру жүйесінің ғана емес, тұтас қоғамның ортақ міндеті.

Осы орайда ол Бауыржан Момышұлының: «Ұстаздық – ұлы құрмет. Себебі ұрпақтарды ұстаз тәрбиелейді» деген қанатты сөзінің бүгін де өзектілігін жоғалтпағанын атап өтті.

Нұрбек Ерікұлының айтуынша, «Мәртебе ұстаз» – ұстазға алғыс айтумен ғана шектелетін жоба емес.

«Бұл – ұстазбен бірге өсетін, оның еңбегін бағалайтын, мектеп мәдениетін жаңғыртатын қоғамдық бастама. Ұстаз қадірлі болған жерде білімнің де, тәрбиенің де сапасы артады. Ұстаз мәртебесі – ұлт болашағының берік негізі», – деп түйіндеді жоба жетекшісі.