Қоғам

Алматы облысында 65 адам сушиден уланды

Алматы облысында 65 адам сушиден уланды

Жұлдыз ОРАЗХАН

Алматы облысының Боралдай кентінде орналасқан “Sushi Time” дәмханасынан тағам тұтынған 65 адам уланды, деп хабарлайды KazFace.kz.

Жаппай улану фактісінен кейін санитариялық қызмет тексеру жұмыстарын бастап, мекеме қызметін уақытша тоқтатты. Алдын ала мәлімет бойынша, зардап шеккендердің барлығы жергілікті базар аумағында орналасқан қоғамдық тамақтану орнынан тағам сатып алған.

Алғашында ауруханаға тағамнан улану белгілерімен 19 адамның түскені хабарланған болатын. Осыдан кейін санитариялық-эпидемиологиялық бақылау қызметі тексеру жұмыстарын бастап, мекеме қызметін уақытша тоқтатты. Мамандар тағам өнімдерінен сынама алып, зертханалық сараптамаға жіберді.

Соңғы деректерге сәйкес, медициналық көмекке жүгінгендердің саны 65 адамға жеткен. Оның ішінде 36 науқас ауруханаға жатқызылса, қалғандары амбулаториялық ем қабылдап жатыр. Дәрігерлердің мәліметінше, науқастардың жағдайы тұрақты.

Зардап шеккендердің басым бөлігі роллдар мен пицца кіретін комбо-жиынтықтарға тапсырыс бергені анықталды. Тұрғындар жүрек айну, құсу және іштің қатты ауыруы сияқты белгілерге шағымданған.

Қазіргі уақытта санитариялық қызмет мамандары тағам өнімдері мен шикізат үлгілерін зерттеп, қызметкерлерді тексеріп жатыр. Ведомство өкілдерінің айтуынша, жаппай уланудың нақты себебі зертханалық қорытынды шыққаннан кейін ғана белгілі болады.

Оқиға қоғамдық тамақтану орындарындағы санитариялық талаптардың сақталуы мәселесін қайта өзекті етті. Алайда бақылау органдары мұндай нысандарды жаппай тексеру туралы шешім қабылданбағанын мәлімдеді.

Алматы қаласы Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әсел Қалықова өңірлік коммуникациялар қызметінің (ӨКҚ) брифингінде бұл мәселеге қатысты былай деді:

«Менің ойымша, тексерулер тек нүктелік форматта — Алматыда немесе тек облыс деңгейінде ғана жүргізілмейді. Шешімді Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері қабылдайды. Бүгінгі таңда мұндай кәсіпорындарды тексеру мәселесі күн тәртібінде тұрған жоқ».